Kyzylorda-news.kz Наурызнама 10 күндігі аясында облыстық Дін істері басқармасы, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» және мешіт жамағатының ұйымдастыруымен «Ұлттық ойындар – ұлтымыздың құнды мұрасы» атты спорттық іс-шара өтті.
Оған барлығы 10 команда қатысып, ойыншылардың білек күші мен ептіліктері сынға түсті. Ел арасында ұмыт болып бара жатқан ләңгі ойыны, асық ату, гір көтеру, арқан тарту, қол күрестен де жігіттер аянып қалған жоқ.
– Керемет тартысты ойын боп жатыр. Ләңгі тебуден мықты ойын көрсеткен жігіттер болды. Жалпы, қазақтың болмысына сай қалыптасқан әрбір ойынның өз ерекшелігі бар. Осылай дәріптелу керек. Қызығып, әрі қуанып тамашалап тұрмыз, -дейді мешіт жамағатына қолдау көрсетуге келген Досбол ақсақал.
Іс-шара соңында жақсы нәтиже көрсеткен қатысушыларға ақшалай сыйлықтар табысталып, естелік суретке түсті. Ойын қызығын тамашалауға келген тұрғындар болса "сегіз қырлы бір сырлы" жігіттердің өнеріне дән риза.
Б.Сыздықова
«Дін мәселелерін зерттеу
орталығы» КММ-нің маманы