Kyzylorda-news.kz Қылмыстық атқару жүйесі №60 мекемесінде облыстық Дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Асыл мұра - Орда» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жазасын өтеушілер арасында ұлттық ойын түрлерінен спорттық сайыс өтті.
Атап айтқанда жазасын өтеушілер асық ату, ләңгі тебу және арқан тарту бойынша өзара сайысты. Аталған жарысқа 13 жазасын өтеушілер қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Іс-шара соңында мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, әділет подполковнигі Өскенбаев Алтынбек Тұрарбекұлы жазасын өтеушілерді «Құрбан айт» мерекесімен құттықтап, аталған іс-шараға атсалысқаны үшін ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
– Спорт – денсаулық кепілі. Әрбір азамат спортпен айналысып өз денсаулықтарын күтуі қажет. Осы орайда бүгінгі іс-шараны ұйымдастырушыларға мекеме басшылығы атынан алғысымды айтамын. Алдағы уақытта осындай ауқымды шаралар ұйымдастырылады деп сенеміз», – деді Алтынбек Тұрарбекұлы.
Спорттық іс-шара жазасын өтеушілер арасында тартысты да қызықты өтті. Сонымен қатар олар да өз тараптарынан ризашылықтарын білдірді.
Іс-шара соңында жеңіске жеткен қатысушылар арнайы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.