Kyzylorda-news.kz AMANAT партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай қатысуымен азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту бағытындағы «Miras» аймақтық кеңесінің отырысы өтті.

Кеңестің күн тәртібінде материалдық емес мәдени мұраны сақтау, мұра элементтерін қайта түгендеу және цифрландыру, ұлттық құндылықтарды жергілікті халыққа насихаттау, сондай-ақ айтыс өнерін дамыту және жас таланттарды қолдау мәселелері кеңінен талқыланды.

Өңірде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі және Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Қазақстан Республикасының Ұлттық комитеті арасындағы ЮНЕСКО-ның техникалық грантын жүзеге асыру бойынша 2025  жылы ынтымақтастық туралы меморандум жасалған.  Месорандум аясында материалдық емес мәдени мұраларды сақтау және дамытудың 2025-2026 жылдарға арналған өңірлік жұмыс жоспары бекітіліп, жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде. 

2018 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары тізіміне Қорқыт ата мұралары енгізілген. Осы жұмыстар аясында облыстық филармония жанынан «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі, аудан орталықтарында этно-фольклорлық ансамбльдер ашылған. Өткен жылдың қыркүйек айында ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық коммисияның мүшесі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Жанерке Шайғозованың қатысуымен  шалғай елді мекендердегі материалдық емес мәдени мұра элементтерін тасымалдаушыларды түгендеу, тізімін қалыптастыру және құжаттау мақсатында экспедиция ұйымдастырылған.

Кеңес отырысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты баяндады. 

Ол Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі және Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Қазақстан Республикасының Ұлттық  комитеті арасындағы ЮНЕСКО-ның техникалық гранты бойынша ағымдағы жылдың қараша айынан бастап «Түкті кілем» шеберлер мектебі ашылып, жоба аясында мектепке 10 дана кілем тоқу станогы және басқа да құрал жабдықтар берілгендігін атап өтті.  

Айтыс өнерінің дамуына тоқталаған басқарма басшысының орынбасары өңірде жыл сайын 5 республикалық ақындар айтысы, 50-ге жуық жыршы-жыраулар, күйшілер мен қобызшылар байқауы өткізіліп келетіндігін, сонымен қатар 1985–2023 жылдар аралығында Сыр бойында өткен 100 айтыстың дауыстары жазылған «Қанатты домбыра» аудио антологиясы жарық көріп, ұлттық мұраны сақтауға және келер ұрпаққа жеткізуге үлес қосуда екенін жеткізді.

Партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай: «Ұлттық мұраны сақтау – бұл тек мәдениет қызметкерлерінің ғана емес, қоғамның барлығының міндеті. «Miras» аймақтық кеңесі өңірдегі мәдени жұмыстарды жүйелеуге, нақты жобаларды іске асыруға және жастарға бағыт-бағдар беруге үлкен алаң екенін атап өтіп, өз ұсыныстарын білдірді.  

Кеңес қорытындысында аталған бағыттардағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру, мәдени мұраны насихаттауды күшейту және аймақтық жобаларды іске асыру бойынша нақты ұсыныстар қабылданды. Бұл бастамалар Қызылорда өңіріндегі ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды сақтау мен дамытуға айтарлықтай үлес қосатыны айтылды.

Тағы да оқыңыз: