Kyzylorda-news.kz “AMANAT” партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абизовпен бірге Қызылорда қаласындағы № 235 мектептің базасында орналасқан «Атамекен» мұражайында болып, төл тарихымыздан сыр шертетін тарихи жәдігерлермен танысты.
Мұражай меңгерушісі Күләш Алматшаева қонақтарды ерекше ықыласпен қарсы алып, мұражай ісінің жан-жақты дамуы мен өз өлкеміздегі тарихи және мәдени құндылықтарымызды көзінің қарашығындай сақтап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу басты мақсаты екенін айтты.
Мұражай 1972 жылы жылы ашылған. Қорында екі мың данаға жуық құнды жәдігерлер бар. Олар: соғыс кезіндегі киім, қарулар, қазақтың қазан-ошағы мен ыдыс-аяғы, шаруашылық дүниелер, баспа ақпараттар, фотоқұжаттар, қолөнер туындылары, көп жылдар бойы жемісті еңбек еткен ұстаздардың еңбектері т.б.
Ондағы құнды мұралардың терең сырына қанық болған партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай ата-бабамыздың ғибратты ғұмырын әйгілейтін мұраларды көздің қарашығындай сақтап, жас ұрпаққа мұра етіп қалдыруда мұражайдың алар орны ерекше екенін атап өтті.
«Тарих – өткеннен тағылым алып, болашаққа бағыт беретін рухани қазына. Ал мұражай – сан ғасырлық тарихты, этнографиялық мұраны, көрнекті тұлғалар мен өнер туындыларын жинақтап, оны ұрпақ санасына жеткізетін ғылыми-мәдени орын. Өткенді бүгінге сабақ, ертеңге өнеге етіп, асыл мұраны ұрпақтан ұрпаққа аманаттап отырған мектеп ұжымының еңбегі зор. Осы игі істің ұйытқысы болып жүрген мұражай меңгерушісі Күлаш апайдың алдағы жұмыстарына толағай табыс тілеймін», – деді.

