Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында Ақжарма ауылында ойын алаңы пайдалануға беріліп, шағын футболдан ашық біріншілік өтті.
Іс-шараға партияның аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы арнайы қатысты. Сондай-ақ даңқты боксшылар Мұхтархан Ділдәбеков пен Біржан Жақыпов құрметті қонақ ретінде келді.
Ойын алаңының салынуына және шағын футболдан өткізілген жарыстың ұйымдастырылуына «Ақжарма» бастауыш партия ұйымының төрағасы, аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Бисенов Марат Алдабергенұлы қолдау білдірді.
Аудандық партия филиалының төрағасы Ержан Әжікенов бұқаралық спортты дамыту басым бағыттардың бірі екенін айтып, Президенттің тапсырмасымен облыс әкімінің қолдауымен Сыр өңірінде, Сырдария ауданында спорт саласы қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
Өз кезегінде Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Мұхтархан Ділдәбеков ауылдағы спорт саласының дамуын оң бағалап, тілектестігін білдірсе, ойын алаңының салынуына қолдау білдірген Марат Бисенов ауылдың дамуына үлес қосу азаматтық парызы екенін айтып өтті. Алдағы уақытта да іргелі елді мекенді өркендету бағытында тың жобалар жүзеге асырылатынына назар аударып, ауыл тұрғындарын туған жерді көркейтуге және ел мүддесі жолында бірлесе еңбек етуге шақырды.
Айта кету керек, ойын алаңының ашылуына орай ел ағаларының ауылға келген сапарында Ақжармалық бес бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Жас өрендерге «Ақжарма» бастауыш партия ұйымының атынан сый-сияпат көрсетіліп, қариялар ақ батасын берді.