Kyzylorda-news.kz Ғасырлар бойы қалыптасқан болмыс, дәуірлерді жаңғыртқан құндылық қазақ дүниетанымынан әлі алшақтай қойған жоқ. Керісінше уақыт алға озған сайын көмескі дәстүрлер түрленіп, бүгінгі буынмен қайта қауышуда. Орталық алаңда «Салт-дәстүрім берекем» қойылым-концертімен бастау алған бүгінгі шаралар сол дәстүрлерді тағы бір мәрте жаңғырта түсті.
«Дәстүрімнің балқаймағы – Әжелер!» атты әжелер ансамбльінің аудандық байқауы бүгінгі күннің мән-маңызын айшықтай түскендей. Себебі игі дәстүрді жас буынға насихаттаушы, ескінің үнін жеткізуші сол қазыналы қариялар.
Қаз-қатар тігілген киіз үйлерде әрі қарай «Дәстүрдің озығы – бесік құда», «Ұрын бару», «Босаға майлау», «Аушадияр», «Наурыз тойы – мереке, салт-дәстүрім – береке», «Ұлттық құндылық – ұлт қазынасы» және «Ұлттық құндылық тәрбиенің түпқазығы» мен «Беташар», «Тұсау кесер» салт-дәстүрлерінің қойылымы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Сондай-ақ «Ауылымның бір күні» театрландырылған қойылымымен қатар ұлттық спорт түрі «Арқан тарту» және «Ләңгі тебу» ойындарынан сайыс, кондитерлік және тұрмыстық тұтыну өнімдерінің көрмесі мен еліміздің ежелгі тұрмысынан сыр шертетін мұражай көрмесі келушілерді мәдени және рухани сусындатты.
Қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған мәдениетін жаңғыртуға және оны болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған бұл күннің қорытындысы Аманөткел, Мергенсай, Сазды ауылдық округтеріндегі білім беру ұйымдары мен ауылдық клуб үйі өнерпаздарының «Көктем құшағындағы Наурыз» атты мерекелік театрландырылған концертімен түйінделді.
Наурызнама онкүндігі аясында өтіп жатқан шаралар легі ертең де жалғасын табады. 18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай орталық алаңда түрлі шаралармен қатар Бөген, Қосжар, Аралқұм, Сапақ ауылдық округтеріндегі білім беру ұйымдары мен ауылдық клуб үйінің қызметкерлерінің қатысуымен кешкілік сағат 20:00 де «Берекелі Наурыз» атты мерекелік концерті өтетін болады.
Фото: Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі