Kyzylorda-news.kz.  Тереңөзектік Әлия Бақытбекқызының тігіншілікпен айналысып жүр­геніне отыз жылдан асты. Тәжірибелі тігіншіге кент тұрғын­дарымен қатар аудан орталығына жақын орналасқан елді мекен тұрғындары арнайы іздеп келіп, тапсырыс беріп келедіТігіншінің қолынан шық­қан киім үлгілерін еліміздің танымал өнер жұлдыздары да киіп жүр. Әлия – сәнді көйлектер тігумен қатар, түрлі сән үлгілерін шығаратын керемет дизайнер.

Әлия Бақытбекқызы бала кезінен қолөнерге жақын болып өсті. Әжесі Зәйпін де өз заманында неше түрлі киім тіккен екен. Ал анасы Қалдыгүл қызметте жүрсе де өзінен кейінгі же­ті сіңлісіне көйлекті өз қолымен тігіп беретін болған. Анасының айтуынша, Әлияның нағашы атасы марқұм Сейітмұрат Ембергеновтың анасы соғыс кезінде тылда еңбек еткен. Жауынгерлерге арнап көпәйке тігіп, майдан даласына жөнелтіп отырған. Сондықтан болар тігіншілік Әлия үшін жат өнер емес. Анасының жанында отырып, сабақтан бос уақытында киім тігіп, үйге қажетті көрпе-жастықты оюлап құрақ құраған. Он саусағынан өнер тамған қызының талабына анасы сүйсініп отырған. Кішкентай саусақтары иіліп, ине-жіпті икемге келтірген шебердің ісін көріп анасының қуанған сәті Әлия үшін күні кеше болғандай. Жоғары сыныпта оқып жүргенде інісіне алғаш рет көк түсті жейде тігіп беріп қуанғаны арада қанша уақыт өтсе де балалық шақтың естелігі ретінде ешқашан ұмытылмақ емес.

Тігіншілікпен айналысуға Әлия Әбдіқалық мектеп бітірген жылы кірісті. Алдымен, аудан орталығындағы тұрмыс қажетін өтеу комбинатында тігіншілерге үйренуші болып жұмысқа орналасты. Алты ай бойы Әлия Асқарова, Құ­ралай Омарова есімді шеберлерден үйреніп, кәнігі тігінші атанды. Әлияның тігінге ғана емес, киім пішуге бейімі бар екендігі сол комбинатта жұмыс істеп жүрген кезден-ақ байқалады. Тапсырыс берушілерге неше түрлі киім үлгісін көрсетіп, пішіп, керемет көйлек тігетін. Кейін жұмыс істейтін мекемесі тарап кеткен соң, үй­де қол қусырып отырғанды жөн көрмей жан-жақтан ізденеді. Шымкент қаласындағы «Сымбат» ательесінде 4 ай бойы тәжірибеден өтіп, арнайы курс­ты бітіріп шығады.

 

– Тігінші ретінде ұлттық нақыштағы киім ті­гуге қызығатынмын. Уақыт өте келе бұл қы­зығушылығым кәнігі шебер атануыма септігін тигізді. Күніге әдемі әрі сәнді бір ұлттық көй­лек тігуге барымды салатынмын. Тәжірибем то­­лысқан кезде өзімді одан әрі шыңдау үшін Қы­зылорда қаласындағы брэнд киімдер тігетін «Ақ­маду» этникалық стиль ательесіне жұмысқа орналастым. Ательеде киім пішуші әрі тігінші ретінде 3 жылдай жұмыс істедім. «Ақмаду» ательесі – Қазақстанның бірнеше қаласында өз орнын нықтаған, этникалық стильде киім тігетін үлкен ұжым. Онда қыз-келіншектерге, ерлерге арналған ұлттық киімдер, бас киімдер тігіледі. Бір күнде 14-17 сағатқа дейін жұмыс істедім. Дайын киімдер тойға жалға берілді, – дейді тігінші Әлия Бақытбекқызы.

Ұлттық киім тігудің шебері Әлия бүгінгі күні этно-стиль өте танымал болғанын айтады. Мұндай үлгі қашанда сәннен қалған емес. Қайта жаңғырып, жанданып келеді. Оның тіккен ұлттық киімдерін бүгінде танымал өнер жұлдыздары Досхан Жолжақсынов пен жұ­байы Қаракөз ханым, айтыскер-ақын Айнұр Тұрсынбаева, термеші Айгүл Елшібаева киіп, үлкен сахнаға шыққаны шебер үшін еңбегінің жемісі.

Иә, көз майын тауысып, «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» дегендей, қазақы нақыштағы киім тігу – нағыз өнер. Кез келген адамның қо­лынан келе бермейтін өнердің бұл түрі біздің елде жақсы дамығанмен, ауданда ұлттық киім тігетіндер көп емес. Сондықтан өнерін табыс көзіне айналдырып, кәсіпкерлікпен айналысу үшін Әлия жұмыссыз ретінде мемлекет тарапынан қолдауға ие болды.

Қолөнер шебері осы күні қайтарымсыз несие алды. Кәсіпкерлікті қолдауға байланысты мемлекеттік бағ­дарлама арқылы қатысып, өзінің жаңа бизнес идеясын іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Әлия берілген қаржыға электр тоғымен жұмыс істейтін жаңа тігін машинасын сатып алды. Сонымен қатар, қажетті манекен, үтік, үстел – қол жеткізген қаражатқа келген дүниелер. Әлия жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, «Сыр сұлуы» атты тігін шеберханасын ашты.

 

– Әзірге тігін шеберханам үйдің бір бөлме­сінде. Болашақта тағы да кә­сіп­керлікті қол­дау­ға бай­ланысты жеңіл­де­тіл­ген несиеге қол жет­­кіз­сем, шеберхананы ке­ңей­тіп, жұмысқа қыз-ке­лін­­шектерді алсам деген мақ­сатым бар. Ау­данда ұлттық киім­ге деген сұра­ныс жо­ға­ры. Ер адам­­­­­­дар­ға, әйел­ адам­дар­­ға ар­­­налған сән­ді кеу­­дешеге тапсы­рыс­­­тар көп. Барлы­ғына бірдей үлгеру үшін күніне 10 сағаттан артық жұмыс істеу керек, – дейді шебер Әлия Бақыт­бекқызы.

Әлияның сүйікті ісімен айналысуына анасы Қалдыгүл апа бар жағдайын жасап отыр. Анасының еңбегі зор. Қашанда қызының кәсібін қолдауға дайын тұратын анасы тапсырыс келіп түскенде өзі де көмек қолын созады. Бесік жасауын, қыз жасауын тігуге, тапсырысты уақытылы дайындауға атсалысып, қол­ға­­быс етеді. Ал үйдегі ба­ла-ша­ғаның қамын келіні үлгер­теді. Әлия – бұл күнде 2 ұл, 1 қыздың анасы. Кәусар мен Інжудің сүйікті әжесі.

Әлияның нағашы атасы кезінде: «Талабың да оңға басып келеді, Қолөнер ғой қыз балаға керегі, Шеберлікті шыңдай білсең, шырағым, Сарқылмастай қазына-кен береді» деп бата-тілек айтқан екен. Атасының сөзі шын мәнінде қабыл болды деген осы шығар.

 

Тағы да оқыңыз: