Kyzylorda-news.kz Алты алаштың басы қосылып, Сыр бойына табан тіреді. Ел ертеңін ойлайтын зиялы қауым өкілдері ұйымдасқан түрде Ұлттық құрылтайда бас қосты. Өткен жылғы жиында Мемлекет басшысы Алашқа ана, талайға пана болған Сырдағы астана атанғанымызға, қазақтай қастерлі ұлт атауын қайтарғанымызға ғасыр толғанын еске салып, келесі құрылтайдың Сыр өңірінде болатынын айтқан еді. Аптаның басы сәтті басталып, ұлттық мәселелерді ортаға салар алқалы жиын Сыр топырағында өтті.

Ұлытаудан басталған Ұлттық құрылтайда ұтымды ұсыныстар мен шешімдер айтылып, маңызды бастамалар көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V Ұлттық құрылтайда «Сыр бойы нағыз еңбек адамдарының мекені» деп пікір білдірді. Маңдайы күнге күйіп жүріп жерден нәпақа тауып, тер төккен еңбеккерлердің мекені екені рас. Бір ауылдан жүз шайыр шықса, тағы бір ауылдан ондаған, жүздеген Еңбек Ері шығып жатыр. Бірі тарих қойнауына еніп кетсе, енді бірі – ел үшін еңбекте алдыңғы шепте.

− «Сыр елі − жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізін қалаған жыршылық мектептерді бүкіл ел біледі. Сыр бойы – нағыз еңбек адамдарының мекені. Кеңес заманында осы аймақтан жүзге жуық еңбек адамы шыққан. Аты мәшһүр ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевты ерен еңбектің символына балайды. Аға буынның абыройлы жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді, − деді Президент.

Мемлекет басшысы сөз арасында Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатқанын айтып, облыстың дамуын жоғары бағалады. Мысалы, өткен жылы аймақтың жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өссе, 3 жылда облысқа 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылған.

− Былтыр 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде жаңа жылу электр орталығының іске қосылғанын ерекше атап өткен жөн. Стратегиялық маңызы бар бұл нысан толығымен инвестордың қаржысына салынды. Жылу электр орталығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түседі, облыс тұрғындары сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Халықтың 80 пайызы «көгілдір отынды» пайдаланады. Елді мекендерге газ құбырын тарту жұмысы алдағы уақытта жалғаса береді, − деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар аймақтағы автокөлік жолының сапасы жақсы жағдайда екенін айтты. Бұл ретте елде алдыңғы қатардамыз. Тіпті көрші аймақтың тұрғындары да тамсанатынын талай айтқан. Сырт көз демде байқайтын бір жетістігіміз – осы.

− Облыстық әуе және теміржол жүйесі де жаңғыртылып жатыр. Оған қоса облыстың жаңа терминалы ашылды. Қызылорда қаласындағы тарихи ғимараттың бірі теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Бұған қоса, аймақтағы 10 теміржол бекетін жаңғырту басталды. Мұның бәрі облыстың логистикалық әлеуетін арттыра түседі, − деді Президент.

Құрылтайда айтылған маңызды үндеулерге тоқталсақ, Мемлекет басшысы Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдады. Мемлекет басшысы бір палаталы Парламентке көшу жайлы бастаманы халық қолдап отырғанын жеткізіп, оны «Құрылтай» деп атауды ұсынды. Бұл атау тарихи мағынаға ие және мемлекет институтының символы. Мұнан бөлек Мемлекет басшысын сайлау мәселесі бойынша маңызды ұсыныс айтылды.

− Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген норма заңда нақты белгіленуі қажет, − дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Экология мәселесі де назардан тыс қалмады. Сәуірде Астанада халықаралық экология саммиті өтеді. Жиында Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттердің басшыларымен Арал мәселесі талқыланады. Осы орайда Мемлекет басшысы Кіші Аралдың қалпына келуі бүкіл Сыр өңірін одан әрі көркейтуге жол ашатынын айтты. Тағы да бір маңызды шешім – Президент тапсырмасымен «Қызылорда – Ақтөбе» жолын кеңейту жұмыстары жүргізіледі. Ал мәдениет саласына келер болсақ, Қызылордада жаңа драма театр, ұлттық кітапхана салынбақ. Бұл сырбойылықтар үшін қуанышты жаңалық.

Бұған қоса, үш жылда облыста 34 білім беру, 45 мәде¬ниет және спорт нысаны салынды. Сондай-ақ 40 медицина нысаны ашылды. Президент тапсырмасымен 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық пер¬зентхана салынады. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қар¬қынды дамуда.

Бұл жөнінде қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының  директоры Қайрат Жәлімбетов пікір білдірді.

– Мемлекет басшысы қоғамда орын алып жатқан бірқатар мәселелерді қозғап, олардың шешу жолын нақтылау қажеттігін атап өтті. Соның бірі алдағы екі жылда елімізде 100-ден астам мәдениет нысаны жөнделетінін жеткізді. Сондай-ақ музей ісін дамыту маңызды міндеттердің бірі ретінде аталды. Бұл тұрғыда Қызылордада ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейі озық тәжірибе ретінде бағаланды. Сонымен бірге Қызылорда қаласында жаңа драма театр мен заманауи кітапхана салу жоспарда бар екенін айтты. Аталған нысандардың құрылысы биыл басталатыны белгілі болды. Бұл жаңалыққа мәдениет саласының өкілі ретінде қатты қуандым.  «Сыр елі – жыр елі» деген атау тегіннен-тегін айтылмаған ғой. Біздің өңіріміз рухани құнды дүниеге бай. Талай сүлейлер мен жыраулардың, ақын-жазушылардың, өнер май-талмандарының ордасы болған. Оның үстіне кейінгі жылдары аймағымыздың аты жақсы жағынан, толағай табыстармен, жетістіктермен шығып жатыр. Қала келбеті күн санап көркейіп, дамып келеді. Мұны Мемлекет басшысы да алқалы жиында айтып өтті, – дейді ол.

Ұлттық Құрылтай 20 қаңтарға белгіленгенімен, бір күн бұрын төрт түрлі бағыт бойынша төрт түрлі тақырыпты қамтыған секция отырысы өтті. Құрылтай жұмысы алғашқы күннен-ақ нақты ұсыныстар мен салмақты ойлардың тоғысқан тұсы болды. Себебі секция отырыстарына елдің түпкір-түпкірінен келген 100-ден аса құрылтай мүшесі қатысып, 70-ке жуығы сөз сөйлеген. Қоғамның тамырына қан жүгіртетін бастамаларды ортаға салып, бас-аяғы 200-ден астам ұсыныс айтылды.

Алдымен «Әлеуметтік-мәдени даму» мен «Білім және ғылым» тақырыптарына арналды. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау, рухани әлеуетті арттыру, білім мен ғылымды заман талабына сай дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Секция отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еліміздегі кітапханалардағы балалар әдебиетіне қатысты қордаланған мәселені ашық көтерді. Оның айтуынша, кейінгі жылдары кітап саны артқанымен, мазмұн сапасы мен сұраныс арасындағы алшақтық әлі де жойылмаған. Министрдің сөзінше, тәуелсіздік жылдарында кейбір авторлардың еңбектерінің атауы өзгертіліп, бірнеше мәрте қайта басылғанымен, балалардың қызығушылығын оятып, өз еркімен іздеп жүріп оқитын тың шығармалар тым аз.

− Балалар өзі оқығысы келіп, іздеген кітабын таба алмайды. Балалардың кітапқа қызығушылығын арттырғымыз келеді, бірақ олардың сұранысын қанағаттандыратын әдебиеттер аз. Бұл – ашық айтуымыз керек шындық, – деді министр.

Ал Білім-ғылым секциясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «AI-Sana» бағдарламасы аясында 100 мың студент жасанды интеллектінің тереңдетілген алгоритмдерін меңгеретінін хабарлады. «Ai-Sana» бағдарламасы былтырдан бері жүзеге асып келеді. Осы күнге дейін 668 мың студент оқыған.

Осылайша, таңғы секциялар күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бетін ашып, келесі талқылауларға берік негіз қалады. Ал түстен кейін Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаевтың жетекшілігімен құрылтай жұмысы жаңа арнаға түсіп, назар азаматтық қоғам мәселесі жайында болды.

Ал экономикалық даму жөніндегі отырыста ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин былтыр ел экономикасы тұрақты болғанын айтты. Өткен жылы ЖІӨ 300 миллиард АҚШ долларынан асса, жан басына шаққанда шамамен 15 мың АҚШ долларына жеткен. Жауапты мамандар экономиканың өсу қарқыны 6,5% екенін мәлімдеді. Ал бұл – 2012 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Алдағы жоспар, яғни басты міндеттің бірі − инфлияцияны тұрақтандыру және төмендету. Себебі былтыр елде жоғары инфлияциялық қысым байқалған. Мысалы, азық-түлік тауарларының бағасы 5,5, азық-түлік емес тауарлар 11,1, ақылы қызметтер 12% жоғарылаған.

Тұшымды ұсыныстар айтылды

Құрылтайда қолына қалам ұстаған қадірлі мамандық иелерінің де мәселесі көтерілді. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, жұртшылықты шынайы әрі нақты ақпаратпен жедел қамтамасыз етіп отырған әріптестеріміз де Мемлекет басшысына ұсыныс айтты. Бұл қатарда «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының директоры Қарлығаш Жаманқұлова да бар.

– Президент мырза, БАҚ-ты қолдауыңызды сұраймын. Сырттан келетін ақпарат көлемі күн сайын артып келеді. Ал адамның оны түсініп, сараптау мүмкіндігі шектеулі. Сол оқиғалардың нарративтерін өзіміз айқындай алуымыз керек. Түсіндіру логикасын өзгелер емес, өзіміз белгілеуіміз қажет. Сонымен қатар медиасауаттылықты жүйелі түрде күшейту керек. Медиасауаттылық – қоғамды сыртқы ақпараттық манипуляциялардан, қауіптерден қорғаудың құралы. Медиа сауаты бар азамат әлеуметтік желідегі жалған сөзге тәуелді болмайды. Осыған қоса, отандық БАҚ пен кәсіби журналистиканы қолдау маңызды. Шынайы, сапалы ақпаратқа сұраныс азайған жоқ. Отандық БАҚ бірқатар қиындыққа қарамастан өз жұмысын жемісті жалғастырып келеді. Осы орайда, Президент мырза, БАҚ-ты қолдауыңызды сұраймын, – деді ол.

Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің хатшысы, Ұлттық құрылтай мүшесі Олжас Сүлеймен «Білім және ғылым» секциясында жастарға қатысты мәселелер, атап айтқанда, білім сапасын арттыру және білім беру саласындағы өзгерістер талқыланғанын айтады.

− Қазіргі таңда мектеп оқушылары халықаралық олимпиадаларда, әсіресе математика және басқа да пән бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Сондай-ақ робототехника саласында Қазақстанның төрт дүркін әлем чемпионы атануы – кез келген елге бұйыра бермейтін үлкен жетістік. Мемлекет басшысы бұл жастарды қабылдап, қолдау білдіріп жатыр. Алайда өңірлерде осындай жетістікке жеткен жастарды спортшыларды қарсы алғандай салтанатпен қарсы алып, қоғамға кеңінен таныстыру қажет, − деді ол.

ҚР ҰҒА академигі, ұлттық құрылтай мүшесі Кәрімбек Құрманалиев оқулық мәселесін көтеріп, пікір білдірді.

– Мен оқу ордаларындағы оқулық мәселесін көтердім. Өйткені біздегі 650 мың студенттің 75 пайызы қазақ тілінде оқиды. Бірақ олардың 49 пайызы қазақ тілді оқулықты пайдаланады. Сонда 51 пайызы қай тілде оқытылады? Осы жөнінде бюджеттен оқулықтарға арнап қаржы бөлінсе екен деймін. Болашақтың тұтқасын ұстайтын жастарды қазірден бастап тәрбиелеу маңызды. Ол үшін алдымен жақсы жағдай жасалу қажет, – деді.

Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалардың жүзеге асуы мемлекет пен қоғамның өзара жауапкершілігіне негізделген. Мемлекет басшысының реформаларын қолдау – елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі шарттардың бірі. Ұлттық құрылтай – бас қосып, бос әңгіме айтылатын жер емес. Мұнда айтылған сөз атылған оқтың күшімен бірдей.  Сөз басында айтқанымыздай, осыған дейін болған әрбір құрылтайдың жемісті нәтижелерін көріп келеміз. Мемлекет басшысы қоғамдағы маңызды мәселелерді тілге тиек етіп, ел ертеңі жолында қандай жұмыстар атқарылуы тиіс екенін айқындап берді. Ендігі мақсат – құрылтайда қозғалған мәселелер мен айтылған ұсыныстардан нәтиже шығарып, осы бағыттағы қадамдардың қарқынын күшейту.

Аружан ЕРАЛЫ

Тағы да оқыңыз: