Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Ұлттық құрылтай және конституциялық реформалар: қоғамдық келісімнің жаңа үлгісі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты – елімізде жүзеге асырылып жатқан конститутциялық реформалардың мазмұны мен маңызын түсіндіру, ұлттық құрылтайдың қоғамдағы рөлін айқындау және қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту мәселелерін талқылау болды.
Жиынды Экономика және құқық институтының директоры Айнұр Исаева ашып, Конституция баптарында айқындалған азаматтық құқықтар мен қоғамдық келісім қағидаттарына тоқталды. Ол өз сөзінде Ұлттық құрылтайдың қоғамды біріктірудегі маңызын атап өтіп, жастарды ел тағдырына бейжай қарамауға, өз пікірін ашық білдіруге шақырды.
Дөңгелек үстелге Қызылорда облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Абай Тағыберген, “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Дәулет Омаров, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
Іс-шара соңында қатысушылар қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту жолында жастардың белсенділігі мен азаматтық ұстанымының маңызды екендігін атап өтті.
