Kyzylorda-news.kz. Дәл осылай деп Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан айтқан. Яғни, халыққа қалтқысыз қызмет етуде, оқып-білгенін іске асыруда мінез бен өзіндік көзқарастың, ұстанымның берік болуы маңызды. Ал мұқым елге мәлім ұлы Абай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деп адам баласына берілген, тақ пен бақтан бөлек, оның өміріндегі адами қасиеттердің өлшемін айтып кеткен. Осының барлығы мемлекеттік қызметшілердің өн бойынан табылып жатса, ел алдындағы абыройы асқақтай берері сөзсіз.
Иә, Сыр елі топырағынан нәр алып, ел мақтаныштары болған арда азаматтар аз емес. Алдыңғы буын ағалардың ізін басып, жолын жалғап, бүгінде жас болса да бас болып, ауданның экономикалық-дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтың бірі – Дәурен Әуезұлы.
Қаламымызға арқау болған бүгінгі кейіпкеріміз – Дәурен Оспанов Жиделіарық ауылында туып өскен азамат. Мектепті үздік оқыған Дәурен 2013 жылы мектепті бітірген соң, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне күндізгі бөлімге оқуға қабылданып, 2017 жылы «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша білімін тәмамдап, сол жылы Шиелі аудандық ішкі саясат бөлімінде «Жастар практикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмысқа орналасып, 2018 жылы «Жиделіарық ауылдық округі әкімі аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне арнайы тексеру қорытындысы келгенге дейін уақытша шаруашылық есебін жүргізу, әлеуметтік саланы дамыту және жастар ісі жөніндегі бас маманы лауазымына тағайындалды.
Бүгінде Дәурен Әуезұлы Жиделіарық ауылдық округі әкімінің аппаратының шаруашылық есебін жүргізу, әлеуметтік саланы дамыту және жастар ісі жөніндегі бас маманы қызметін абыроймен атқарып келеді. Қазіргі уақытта осы лауазымда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарын, ҚР Заңдарын, Үкімет Қаулыларын, облыс, аудан және ауылдық округ әкімдері қабылдаған нормативтік актілердің талаптарын орындау, елді-мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуын сараптау және оған бақылау жасауды ұйымдастыру, мониторинг жүргізу, әскер қатарына шақырылғандарды сараптамадан өткізу, құжаттарын даярлау, әскерге шығарып салу, сонымен қатар жастарды патриоттық отан сүйгіштік рухта тәрбиелеу, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, ауыл жастарының белсенділігін арттырып және жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету, ауылды абаттандыру, көркейту-көгалдандыру, ауыл көлеміндегі кәсіпкерлікті дамыту және кәсіпкерлерді қорғау бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыру бағытында түрлі жауапты салалық жұмыстармен айналысып, ел дамуына сүбелі үлес қосып келеді.
Дәурен Әуезұлы 2019 жылы наурызда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Әскери-техникалық мектебі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Қызылорда филиалының «Әскери оқытылған резерв» курсын «Атқыш» мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ Маңғыстау облысы Азаматтық альянсы 2022 жылы ұйымдастырылған ауылдық жерлерде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға арналған шағын гранттар байқауының жеңімпазы атанған. Аталған грант аясында Жиделіарық ауылының «Күзембай» арығы тереңдетіліп қазылып, ауылішілік арық бойына 2 дана ащы су тартуға арналған насос қондырғылары орнатылып, ауылдың ерікті өрт сөндіру құрылымы өрт сөндіруге қажетті құралдармен жабдықталып, ауыл тұрғындарының ыстық ықыласына бөленді. Кейіпкеріміз өткен жылдың қорытындысымен Шиелі аудандық «Самғау» сыйлығының иегері атанған.
Міне, жас болса да білімі мен біліктілігінің арқасында талай жемісті де, жеңісті іс атқарып, өзі туған ауылдың өркендеп дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан осындай азаматтардың еселі еңбегі өз жалғасын таба берсін демекпіз. Ауыл тұрғындары да Дәурен Әуезұлының тындырымды істерін айтып, мақтан тұтады.