Kyzylorda-news.kz Облыс орталығындағы №290 орта мектепте Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтылған Президент тапсырмаларын жүзеге асыру мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев білім саласы өкілдерімен кездесті.
Жиынға сала ардагерлері, білім басқармасы мен бөлімінің мамандары, мектеп директорлары, ұстаздар шақырылды.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов Мемлекет басшысының, Үкіметтің ерекше қолдауы мен аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тікелей бастамасымен білім саласы бойынша өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
Президент кеңесшісі өз сөзінде 2026 жылы Ұлттық құрылтайдың V отырысының Сыр елінде ұйымдастырылатынын ерекше атап өтті.
«Алашқа ана атанған Сыр өңірінде мұндай ауқымды жиынның өтуі – айрықша жауапкершілік. Бұл – еліміздің болашағын айқындайтын, елдік мүддені биікке көтеретін алаң», – деді Мәлік Нұржанұлы.
Кездесу барысында білім беру мазмұнын жаңғырту, жас ұрпақты жаһандық өзгерістерге бейімдеу, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие беру мәселелері де қозғалды.
Жиын соңында педагогтер өз ұсыныстарын білдіріп, саладағы түйткілді мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі