Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Ұлағатты ұстаз – ұлт тірегі» атты ұстаздармен кездесу өтті.

Іс-шараның мақсаты – ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып, өз еңбегімен өзгелерге үлгі болған ұлағатты ұстаздардың еңбегін дәріптеу, олардың өмірлік тәжірибесі мен табысты жолын жастарға үлгі ету.

Кездесу барысында ұстаздар білім беру саласындағы тәжірибелерімен, оқушыларды тәрбиелеудегі жаңашыл әдістерімен бөлісіп, заманауи білім беру жүйесіндегі өзгерістер мен сын-тегеуріндер жайында пікір алмасты. Сонымен қатар, ұстаздық мамандықтың қоғамдағы орны мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілік жайлы тағылымды әңгімелер айтылды.

“Ұлағатты ұстаз — шәкірт жүрегіне жол тауып, оларды үлкен өмірге дайындайтын тұлға. Оның әрбір сөзі мен ісі үлгі. Бүгінгі жастар — ертеңгі ел болашағы. Ал сол жастардың сапалы білім алып, саналы тәрбиеге қанығуы — ұстаз еңбегінің жемісі” - деп атап өтті филиал төрағасы Арман Мажитов.

Кездесу соңында ұстаздарға алғыс хаттар табысталып, олардың қажырлы еңбегіне ризашылық білдірілді. Осындай шаралар арқылы «AMANAT» партиясы ұстаздардың мәртебесін арттыруға және отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастыра береді.

Тағы да оқыңыз: