Kyzylorda-news.kz Е.Әуелбеков атындағы №4 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты неше жылдық тарихы бар, дарынды оқушылардан құралған білім ордасы. Мектеп ұжымы озат оқушыларды жетінші сыныптан бастап қабылдап, оларға білім мен тәрбиені қатар беріп келеді.

Биылғы оқу жылында да  400-дей оқушы түрлі байқауларда бақ сынап, оның ішінде 200-ге жуығы жүлделі орындармен марапатталды.

Аталған мектеп жыл сайын өзінің дарынды шәкірттерімен қанатын кеңге жайып келеді. Биылғы оқу жылында мектептің мерейін асқақтатқан 10-сынып оқушысы Жасмин Науан «Үздік оқушы-2024» номинациясымен марапатталды.

– Осындай мүмкіндікке ие болғаныма өте қуаныштымын. Менің үздік болуыма атсалысып, білімі мен тәрбиесін берген ұстаздарыма алғысым шексіз. Үздік оқушы болып қалыптасуыма бірден-бір септігін тигізген мектеп ұжымына үлкен рахметімді айтамын. Бұл номинация мен үшін үлкен жетістік. Осы атқа кір келтірмей, мектеп атын жақсы жағынан шығаруға күш саламын, – деді Жасмин.

Иә, мектептің атын оқушы саны емес, дарынды баланың даңқы шығарады. Жасмин мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап өзінің үлгілі, озат оқушы екенін көрсетіп келеді. Ол оқу жылының басынан бастап Төлеген Айбергенов оқуларының облыстық кезеңінде Алғыс хат, «Балалар оқулары» байқауының облыстық кезеңінде ІІІ орын, «Менің кіші Отаным» облыстық эссе байқауында ІІІ орын, «Ақберен» облыстық өнер байқауында ІІІ орын, жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың облыстық кезеңінде ІІ орын, «Жарқын болашақ» облыстық олимпиадасында ІІІ орын, Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен облыстық олимпиадасында Алғыс хат, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың «Алтын медаль» иегері атанды.

Осындай дарынды шәкірттерді тәрбиелеп, оларды білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаздар қауымы да үздіктер қатарынан көрініп, марапатқа ие болды. Мектеп-лицей-интернатында мектепішілік педагогикалық алаң ұйымдастырылып, барлық ұстаздар оқу жылында атқарған іс-тәжірибелерін сараптап, талқылап есеп берді.

Сонымен қатар әр пән мұғалімдері 2024-2025 оқу жылына жасалған өз кешенді жоспарларына таныстырылым жасады. Сондай-ақ, алдағы оқу жылында атқарылар «Шеберлер шеберханасы» жобасының іс шаралары нақтыланды.

Биылғы оқу жылының қорытындысымен «Үздік педагог-2024» номинациясын мектеп-лицей-интернатының үздік маманы Азамат Жанәділов жеңіп алды.

– Ең алдымен мектеп ұжымына алғысым шексіз. Қаншама үлгілі педагогтардың арасынан мені үздік деп танығаны еңбегімнің жемісі деп ойлаймын. Мен өз шәкірттеріммен мақтанамын. Мұндай номинацияны иеленуіме дарынды да озат оқушыларым себепкер. Олардың түрлі байқауларда жеңімпаз атануы менің жетістіктер қоржынымды тағы бір мараптпен толдырды. Алдағы уақытта оқушыларыммен бірге талай белестерді бағындырамыз деп сенемін, – деді Азамат Жанәділов.

Мінекей, мектеп ұжымы осындай үлгілі мамандарымен және де озат оқушыларымен мақтанады. Үздіктер қатарынан көрініп жүрген мектеп-лицей-интернатының алар асуы биік болары сөзсіз.

 

Аружан Ералы

Тағы да оқыңыз: