Kyzylorda-news.kz Бүгін Қармақшы ауданындағы «Руханият» орталығында кітап оқуды насихаттау, оқырман мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған «Үздік оқырман – 2026» байқауының екінші кезеңі өтуде.
Байқауға аудан әкімінің тапсырмасымен аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Адамның рухани байлығы оның алған білімінен көрінеді. Ал сол білімнің тереңдеуіне кітаптың қосар үлесі зор. Кітап – адамзаттың рухани қазынасы, білім мен тәрбиенің қайнар көзі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамаларының маңызы ерекше. Бұл жобаның негізгі мақсаты – елімізді әлемдегі ең көп кітап оқитын он елдің қатарына қосу. Бірінші кезеңнен сүрінбей өтіп, аудандық кезеңге жолдама алған барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін! Сіздердің рухани құндылыққа деген сүйіспеншіліктеріңіз өзгелерге үлгі болсын, – деді Диас Асылбекұлы.
Айта кетсек байқаудың алғашқы кезеңіне 1000-нан астам үміткер қатысқан. Ал бүгінгі екінші кезеңде 70-тен астам оқырман өзара бақ сынап, білім-білігі мен кітап оқудағы ізденісін көрсетуде. Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған қатысушылар арнайы жүлделі орындармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады. Сонымен қатар жеңімпаздар облыстық деңгейдегі байқауларға қатысуға мүмкіндік алады.
Фото: Қармақшы ауданы әкімдігі
