Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданында үш бірдей шаңырақ пен МАИ бекетінің кішкентай тұрғындары үшін қуанышты күн бүгін. Үш отбасы баспаналы болса, балаларға базарлық ретінде ойын алаңқайы бой көтерді. Бұл да бір тарих, осы бір қуанышты сәтке куә болып қайттық.
Ораза айында "Жаңарған Жаңақорған жастары" еріктілері жылдағы дәстүрден жаңылмай баспана бастағанын білеміз. Жаны жайсаң жігіттер жұмылып, ауданның азаматтары бастап, тамсоққыр Данияр Досантаев қоштап, бір емес, үш бірдей баспананың құрылысы аяқталды. Қоғамбек аға, Еркінбек Айнақожаев және барша жалынды жастардың жігерлі жұмысының жемісі тағы бір жылулық сыйлады..
– Үш шаңырақты қуантып, жастарға өнеге, үлгі көрсетіп жүрген аудан жастарына үлкен алғыс айтамыз. Біз сіздерді әрқашан қолдаймыз, бірлесе жасайтын әлі талай жоспарларымыз бар. Ол уақыттың еншісінде, ең бастысы елдің алғысын алып жүрген барша жандардың істеріне Алла береке берсін, – деп аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы Тілеуімбетов тілегін жеткізді.
Айта кететіні, І баспана Қошқаров көшесі N°4 үй, ІІ баспана Маи бекеті 2-ші көше, ІІІ баспана Маи бекеті 3-ші көше, Балалар ойын алаңқайы Маи бекеті 3-көшеде орналасқан. Бірінші баспанаға аудан басшысы Мұрат Жолкелдіұлы өзі демеушілік етіп, жігіттер қол көмегін көрсетсе, қалған екі үй “Жаңарған Жаңақорған жастарының” қолдауымен тұрғызылды. Әрі, балалар алаңқайы да осы азаматтардың арқасында.
«Алғыстан басқа айтарым жоқ. Мен мүлде күткен жоқпын. Рақмет баршаңызға», - деп Жадыра ана көз жасына ерік берді.

