Kyzylorda-news.kz. Қазақ халқы «Ханда қырық адамның ақылы болса, биде қырық адамның білімі мен ары болады» деп бекер айтпаған. Би – дала демократиясының діңгегі. Қара қылды қақ жарған, адамдар арасында қалыпты тіршілік қағидасына қиянат келтіргенге немесе ардан аттағанға ақиқат үкімін айтып, туралыққа үндеген төбе билер төрелігіне қалың ел қашанда тәнті болған. Тәнті болып қана қоймай, бидің шешіміне қарсы шықпай, қолдау білдірген. Мысалы, Төле, Әйтеке, Қазыбек билердің тарихын тартсақ, үш кемеңгер уағында қазақ даласының тұтастығы үшін тұтанған дауға әділ нүкте қойылып отырған.  Шешімдері ойға қонымды болғаны сондай бұра тарту, қарсы пікір білдіру болмапты. Оның үстіне Әз-Тәукенің «Жеті жарғысынан» жол тартқан билер төрелігі Ата Заңға негізделген. Ал би дегеніңіз – кәсіби судьялар. Сәл айырмашылығы егемен елдің дау шешерлері едәуір көп. Солардың ішінде ілкімді ісімен, әділ күшімен, кәсіби мысымен дараланатындары бір бөлек. Уақыт елегінен еленіп, бүгінде еселі еңбегінің зейнетін көріп отырған Тұрмат Баймағамбет сол бөлек биіктің өкілі.

Халық арасында «Татулықты ту еткен Тұрмат» атанып кеткен ақсақалын дүйім жұрт біледі. Қаз дауысты Қазыбек би секілді етжеңді тірлікке ерте араласқан ол бүгінде өмірін өнегемен өрген. Еңбек жолын небәрі 18 жасында аудандық соттың сот отырысының хатшысы болып бастап, одан әрі сот орындаушысы, Шиелі мемлекеттік нотариалдық кеңсенің нотариусы қызметтерін атқарып, судьялық лауазымды алғаш рет 1986 жылы Қармақшы аудандық халық сотының судья қызметімен жалғастырады.  Ал 1987-1996 жылдары Тереңөзек, 1996-2007 жылдары Шиелі аудандық сотының төрағасы, 2007-2008 жылдары Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы секілді қызмет сатыларынан өтеді. Сол 2008 жылдан бастап доғарыстағы судья, 2009-2015 жылдары Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, Шиелі заң кеңесінің адвокаты қызметін абыроймен атқарады.  Мамандық атты майданда өзінің қолтаңбасын қалдыра білген ол әлі күнге дейін қоғамнан жырақтай қойған жоқ. Елінің ертеңі үшін алаңдайтын ақсақал қазіргі таңда жас судьяларға жол көрсетіп, ел арасындағы күрмеулі мәселенің мәнісін анықтап, төрелігі мен даналығын көрсетіп келеді.

– Сот саласы – өте ауыр. Осы саладағы жастарға тек абырой тілеймін. Бұл –  бір емес бірнеше адамның өмірін шешетін қызмет. Мүлт кетуге болмайды. Жас қызметкерлерге айтарым, тек абырой биіктері аласармасын, – дейді өз сөзінде Тұрмат Сабекұлы.

Осы саланың қызығы мен шыжығын қатар көрген ол осылайша ізін басып келе жатқан жас мамандарға әркез ақылын айтуға даяр. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші сот саласының сардары шәкірт тәрбиелеуден жалыққан емес. Соның арқасында қазір саналы шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде ұстазының атын ұлықтап, абыройлы еңбек етуде. Т.Сабекұлының сот саласындағы салған сара жолын жас мамандар жалғастырып келеді.  Жалғастырмағанда ше? Шешім шығарар тұста шындықты шегелеп, түрлі тағдырлар келгенде тосылмай дұрыс әрі нақты пәтуа келтіретін судьядан білім үйрену кімге де  болсын арман әрі мақтаныш. Сондықтан болар қазіргі таңда жетпіс жетінің желкенін керіп, зейнетке шықса да әлі саламен сабақтастығын үзбей келе жатқаны. Себебі қараша халықты татулыққа шақыратын би Тұрматты іздеушілер, сұраушылар, көмегіне зәру адамдары бар. Осыған орай аудан әкімдігінің қолдауымен «Билер кеңесі» ашылып, қазіргі таңда ақылшы ағамыз аудан халқының мұң-мұқтажын, дау-дамайын сотқа дейін жеткізбей, бейбіт түрде шешуге атсалысып келеді.  Ажырасу, мүлікке талас, баланы бөлісе алмау, адам өлтіру, ұрлық-қарлық сынды қылмыстар көбейіп кеткен қазіргі заманда адамдардың бейбітшілікке шақыратын осындай орталықтың болуы да дәтке қуат. Ал оның төрағасы болып Тұрмат Баймағамбеттің сайлануы екі есе қуаныш. Өйткені халық жадында әділ судья, тұғыры биік төреші болып қалған оны естір құлақ көп.

Т.Сабекұлы халықтың ыстық ықыласына бөленгеннен бөлек мемлекет тарапынан да мерейін үстем етер марапат алып келеді. Бұл да еңбегінің бағаланғаны шығар. Кеудесі төсбелгімен жарқырап, алғыс хатпен абыройы асқақтауда. Оның үстіне мәртебелі маманға берілетін ең биік марапат «Үш би» құрмет белгісінің иегері. Бұл саналы ғұмырында билер ізінен тайқымай, әділдіктің ақ  туын көтергендерге ғана көрсетілетін құрмет. Айта кетерлігі, «Үш би» құрмет белгісін біздің өлкеде иеленген тұңғыш судья – осы кісі. Бұдан бөлек жіпке тізсең таусылмайтын марапаттары да жетіп артылады. Мұның барлығы Тұрмат Сабекұлының мамандық майталманы екенін дәлелдейді. Міне, осындай ағалардың өмірі кейінгі ұрпаққа – өшпес өнеге.

Тағы да оқыңыз: