Kyzylorda-news.kz. Жамбыл жұртшылығы әскери бөлімде жарылыс болған түнді қалай өткізгенін айтып берді.
Дүмпулердің жойқын болғаны сонша, жақын маңдағы ғимараттарды тас-талқан еткен. Тіпті аспанға оқ-дәрілердің сынықтары ұшып жатты. Мұны көрген тұрғындар үйін тастап үдере көшуге мәжбүр болды, деп хабарлады КТК.
Ең алдымен әскери бөлімге жақын орналасқан төрт ауылдың тұрғындары қашты.
“Құжат та, ештеңе ала алмадық. Үйіміз сілкініп жатқандай, қайдағы құжат?! Құжатты ойлайсың ба, баланы ойлайсың ба?”, – дейді Байзақ ауданының тұрғыны Таңшолпан Диханбаева.
Бәрі Таразға қарай ағылды. Тіпті үрейленген ел Жуалы мен Рұрар Рысқұлов ауданына қарай өтіп кетуге асықты. Көше толы кептеліс. Көлігі бары көлікпен, машинасы жоғы жаяу-жалпы қалаға қарай кетті. Тіпті күре жолдағы қозғалыс тоқтап қалды. Ал полицейлер жарылыс аумағына қарай ешкімді өткізбей қойды. Жалпы саны 1200 адам баспанасын тастай қашты деген дерек бар. Оның ішінде 300-ге жуық тұрғын автобустармен қауіпсіз жерге көшірілді.
Эвакуацияланғандардың бәрі облыс орталығындағы мектептерге жайғастырылған. Мұнда ас-су, төсек орны бәрі қамтамасыз етілген. Қаладағы ауруханаға сәт сайын жарылыстан жарақат алғандар жеткізіліп жатты. Емдеу мекемесенің маңында зардап шеккендердің туыстары жылап жүрді. Өйткені көбі жақындары туралы мәлімет ала алмай қиналды.
“Ең соңғы рет сөйлескенімде окопта жатырмын деді. Содан кейін хабарлассам, телефоны сөндірулі”.
Таңғы сағат төртте дүрбелең басылды. Ары-бері қатынаған көлік қозғалысы да сиреді. Дәл осы уақытта әскери бөлімде болып жатқан жарылыс тоқтады.
Тараз түбіндегі жарылыс
Қайғылы оқиға 26 тамыз кешкі жетілер шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында болды. Алдымен әскери бөлімнің қоймасынан өрт шыққан. Артынша бірнеше жарылыс болды. Қоймада инженерлік оқ-дәрі сақталғаны анықталды.
Жақын маңдағы елді мекен тұрғындары шұғыл Тараз қаласына эвакуацияланды. Соңғы деректер бойынша төтенше жағдай салдарынан 12 адам қаза тапты. Олардың арасында ТЖ министрлігі, әскери бөлім, әскерилендірілген күзет пен әскери прокуратура қызметкерлері бар.