Kyzylorda-news.kz Құрылыс индустриясы деген қаншама мамандықтың басын қосатын, шеберлікті шыңдайтын тәжірибе алаңы секілді. Соның ішінде кірпіш қалау — үлкен жауапкершілікті, көз мергендігін қажет ететін қажырлы еңбек. Сол саланың ыстығы мен суығына төзіп, бүгінде хас шеберлер қатарына қосылған жандардың бірі — Амангелді Байманов. Ол бүгінде тәлімгер ретінде де жастарға жол көрсетуші білікті маман.
Амангелді бала күнінен ағаларына жәрдем көрсетіп, құрылыстың жай-жапсарына қанығып өсті. Тіпті құрылысшы боламын деген балалық арманы сол кезде-ақ болмысын баурап, санаға мықтап бекіген екен. Оның сәті әскер қатарында түсті. Бұл 2000 жыл болатын. Білмегенін үзеңгілес достарынан үйреніп, білгенін өзгелерге көрсетіп, бір жыл ішінде біршама тәжірибе жинақтады. Әскерден оралғасын құрылыс саласынан сырттап қалғаны да бар. Өйткені тұрақты жұмыс көзі бола қойған жоқ. Жасыратыны жоқ, Қызылорда қаласында 2010 жылдан бастап құрылыс жұмыстары қарқын алды. Жалақысы да өсті, орнықты жұмыс орындары қалыптасты.
– Байқайсыз ба, аймақ көлемінде ауқымды істер өте көп. Бұл экономикалық дамудың динамикасын білдіреді. Еңбекке тапсырыс бар жерде тіршілік оянады, талап күшейеді. Соның ішінде құрылысшы мамандарына сұраныс артты. Мұның бәрі Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен, облыс әкімінің үйлестіруімен жүзеге асып жатқаны белгілі. Біз де осы биік мақсаттағы бағытты қолдаймыз, оған өз үлесімізді қоссақ дейміз. Өйткені ұрпағымыз өскелең өмірдің кең тынысын танып, жайлы өмір кешсе деп тілеймін. Ал, қазіргі құрылыс Абай атамыз айтқандай, дүниеге кірпіш болып қалану үшін кетігін дұрыс таппай болмайтын жауапкершілікті жүктейді. Осы жауапкершілік жұмыстың сапасын арттырады, істің тындырымды біткенін қалайды. Біз осы борышты орындаушымыз, - деді Амангелді Әбдіразақұлы.
Тас қалаушы қатысқан тұрғын үй құрылыстары қазір қаншама отбасыны қуантып келеді. Баспана деген бағалы шаңыраққа ие болғандар Амангелді секілді құрылысшыларды құрметтеуге құштар.