Kyzylorda-news.kz. Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 78 жыл толып отырғаны баршаға аян. Әрбір адам үшін Жеңіс күнінің маңызы ерекше. Әсіресе, ұрпағына бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерді ардақтау – перзенттік борыш. Бүгінгі бақытты өмірге жеткеніміздің өзі – сол аға буынның арқасы екені мәлім.
Осы жолда «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деп тылда бел жазбай тер төккен жандардың да еңбегі ерлікпен пара-пар болғаны жасырын емес. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков пен аудандық білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар тыл ардагерлері Әбутәліп Есенов пен Рақымжан Бәйменовті мерекемен құттықтап, арнайы сый-сияпат жасады.
«Біз қашанда майдангерлермен қатар, тыл ардагерлерін назардан тыс шығармауымыз тиіс. Олар еңбек майданында есейіп, жоқшылықтың кермек дәмін татты. Талай жылдар бойы майдан даласына көмек жіберу үшін аянбай еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсетілгені жақсы. Біздің ардагерлеріміз қызметте де, абырой биігінен көріне білді. Өз кезегінде ардагерді мерекемен құттықтауды жөн санадық. Олардың тағылымды әңгімесі бізге ғибрат сыйлайды. Жыл сайын ардақты ардагерлердің өлшеусіз еңбегін жас ұрпаққа кеңінен дәріптей береміз», – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков.