Kyzylorda-news.kz. «Арал» десе ең алдымен адам ойына теңіз оралары анық. Құстары шулап ән салып, теңіз жағалауында күйбең тіршіліктің қайнап тұрған уақыттары көз алдымызға оралады. Иә, барша әлем елдеріне балық тасмалдап күн кешкен теңіз халқы тіршілігі бүгінде тек әсем естелік суретке айналды. Тек балық өнімін ғана емес, тұз өндіруден де әлемге танылған Арал өлкесі тіршілігі мұнымен тоқтап қалған жоқ. Ғасырлық тарихы бар Жақсықылыш кенті қазіргі кезге дейін тұз өндіруді тоқтатпай, ауыл халқының негізгі тіршілік көзіне айналды.
Аудан орталығынан 15 км қашықтықта орналасқан Жақсықылыш кенті 1941 жылы құрылған. Бүгінде кент аумағы түрлі сала бойынша жоғары деңгейде дамып, көпке үлгі болып келеді. Атаулы кенттің халық саны – 4976-ды құраса, оның ішінде экономикалық белсенді халық саны – 21647.
Жастар – ел ертеңі
Ел болашағын қозғаушы күштердің бірі – жастар. Олардың бүгінгі алған білімі ертеңгі болашаққа айтарлықтай пайдасын тигізері де сөзсіз.«Ауыл – алтын бесік» республикалық жобасы аясында №19 орта мектебіне жапсарлас 100 орындық қосымша оқу ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар кентте жаңадан салынатын 300 орындық мектеп құрылысына жер телімі бөлініп отыр екен.
Ауылшаруашылығы қарқынды даму үстінде
Кенттің ауылшаруашылық саласы жұмысына назар аударар болсақ, бүгінгі күні кент бойынша 3000-ға жуық мүйізді ірі қара, 2000-ға жуық жылқы, 2300-ден аса түйе малы, 4500-ден аса қой-ешкі өсірілуде. Мал шаруашылығымен 29 шаруа қожалық, 20 дара кәсіпкер айналысса, қалғаны жеке тұрғындардың үлесінде екен. Сонымен бірге ауылшаруашылық саласы бойынша 4 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынған. 2 шаруа қожалығы («Бексұлтан» және «Ер-Нұр» ШҚ) 100 аналық сиырға субсидия алып, тұқымдық түрлендіру бойынша грант жеңіп алған. Сондай-ақ үстіміздегі жылы төтенше жағдайды алдын алуды қаржыландыру резерві есебінен жайылымдық жерлерді суландыру мақсатында жаңадан 2 су ұңғымасы қазылып, мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай жасалып жатыр.
Кәсіпкерлік саласы әрдайым назарда
Ел экономикасын дамытушы кәсіпкерлік саласы да атаулы кентте жүйелі даму үстінде. Мәселен, кент бойынша 1 акционерлік қоғам, 6 жауапкершілігі шектеулі серіктесігі, 125 жеке кәсіпкер тіркелген екен. Оның ішінде 27 азық-түлік дүкені, 5-еуі қызмет көрсетумен (шаштараз, әсемдік салоны)айналысады. Сонымен қатар кентте 2 сауда үйі (мини-маркет) ашылып, ағымдағы жылдың өткен мерзімінде ЖК «Жалғасбаев А» кенттен дәріхана және май құю бекеті жұмыс жасауда. Сонымен қатар Қызылорда өңірлік инвестициялық даму орталығы арқылы 140 орындық «Асылым» жеке бөбекжай-бақшасы өз жұмысын бастап кеткен. ЖК «Жалгасбаев Н» шағын құс фермасын ашып, қазіргі таңда тауық етін (бройлер) шығарып, тұрғындарға ұсынып келеді. Жеке кәсіпкерлер жылыжай, қоғамдық монша салу және тағы да басқа кәсіп түрлеріне қызығушылық білдіріп, жоспарлап қойған. Бүгінгі күні атаулы жұмыстың алдын ала дайындау жұмыстары жүргізіліп келеді.
Ауыл көркі – жарық пен жол
Жақсықылыш кентінде әлеуметтік инфрақұрылым және абаттандыру жұмыстары бойынша біршама жұмыстар атқарылған екен. Бүгінде ауылдағы халыққа қажет әлеуметтік инфрақұрылымдарға қатысты біршама мәселелер шешімін тапқан.
– Кент бойынша жалпы 874 үй электр қуатымен қамтылса, барлық үй ауызсумен қамтамасыз етілген. 2020 жылы кентке газ желісі жүргізіліп, 789 тұрғын үй газ жүйесіне қосылды. Ұзындығы 8,7 шақырымды құрайтын 17 көше жаңадан асфальтталып, 211 электр бағаналарына заманауи светодиодты шамдары орнатылды. Сондай-ақ жаңадан жеке тұрғын үй салу үшін 60 гектар жер учаскесіне инфрақұрылым жүргізу жұмыстары оң шешімін тауып, алдымыздағы жылы тиісті жұмыстарды жүргізу мақсатында іс-шаралар қабылданды. Өткен жылы кент мешітінің бастамасымен ауыл жастары мен кәсіпкерлердің демеушілігі арқылы ауылдық мешіт үйі кеңейтіліп, күрделі жөндеуден өткізілді, – дейді кенті әкімі П.Берсүгіров.
Спорт саласы – жастар болашағы
Атаулы кентте бұқаралық спортты дамытуға үлкен мән беріледі. Ауыл жастарының бастамасымен ашық спорт алаңының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар кентте үкіметтік емес ұйымдар – ардагерлер алқасы, жастар және қоғамдық келісім кеңестерінің жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы орайда ауылдың саяси-қоғамдық, мәдени өміріне кеңінен араласып жүрген ардагер Б.Жұбаниязов, қоғамдастық жиналысының төрағасы О.Әбдікеров сынды кісілер ауылдың өсіп-өркендеуіне зор үлестерін қосып келеді.
Байқағанымыздай, Жақсықылыш кентінің тыныс-тіршілігі кеңейіп, халық саны да біршама артқан. Тек тұз өнімімен ғана емес, алдағы уақытта ауылдың жүйелі жұмыстарымен де елімізді таңғалдырары сөзсіз. Мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктер арқылы да ауыл тіршілігі дамитынына сенім мол.
