Фото: azattyq-ruhy.kz

Kyzylorda-news.kz Тұрғын үйге мұқтаж халықтың кезегінен негізсіз шығарылған І топ мүгедектігі бар сырдариялық азаматтың кезегі қайта қалпына келтірілді.  

 Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен талап қанағаттандырылып, Сырдария ауданы әкімі қаулысының күші жойылған, жауапкерге талап қоюшының тұрғын үй кезегін қалпына келтіру міндеттелген.

 Алайда, Сырдария ауданының әкімі сот шешімімен келіспей, күшін жоюды сұрап, апелляциялық шағым берген.

«Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы істің мән-жайын мұқият зерделеді. Талап қоюшы 2012 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілуге тиіс тұрғын үйге кезегіне қойылған. Бірақ, екі жылдан кейін атына жылжымайтын мүлік тіркелген деген желеумен ол кезектен шығарылған.  Дегенмен, 2023 жылы талап қоюшы аталған санат бойынша жаңадан кезекке қойылған», - делінген соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.  

Арызданушы мұнымен келіспей, тұрғын үй кезегіне 2012 жылдан бастап қоюды сұрайды. Кезектен негізсіз шығарылып, атында тұрғын үй тіркелмеген. Берілген жер учаскесіне үй салуға ешқандай мүмкіндігі жоқ. Бүгінгі күні  ол туыстарының үйін паналап жүр. 

«Іс құжаттарын қарау барысында арызданушыны бастапқы кезектен шығаруға негіз болған тұрғын үй комиссиясы хаттамасының жоқтығы. Кезектіліктен шығару жөнінде жазбаша өтініш берілмегені, оның атына жылжымайтын мүлікке меншік құқығы тіркелмегені анықталды. Талап қоюшы І топ мүгедегі болуына байланысты тұрғын үймен бірінші кезекте қамтамасыз етілетін азаматтардың қатарына жатады. Осыған байланысты, әкімшілік істер бойынша сот алқасы Сырдария ауданы әкімінің апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды», - деп хабарлады Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының баспасөз қызметі. 

Тағы да оқыңыз: