Kyzylorda-news.kz Жыл басынан бері Қызылорда облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сауда саласында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру бойынша кәсіпкерлермен түсіндіру шаралары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, тұтынушыларға тегін құқықтық кеңес беріліп, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді ақпараттандыру жалғасуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Қызылорда облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Сүлейменов Ерқасым айтты.

- Қызылорда облысында жыл басынан бері сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын бақылау - департаменттің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта кәсіпкерлер мен сауда субъектілеріне бағаны шекті деңгейден асырмау бойынша тұрақты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, арнайы жадынамалар таратылды. Сонымен қатар, бағаны негізсіз өсірудің жолын кесу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық түсіндіру белсенді түрде жүргізіліп келеді. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында да нақты нәтижелер бар. Есепті кезеңде азаматтардан түскен өтініштер заң талаптарына сәйкес қаралып, тұтынушыларға құқықтық көмек көрсетілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушыларға 6,8 миллион теңге қайтарылуына ықпал жасалды. Сондай-ақ, тұрғындарға тегін кеңес беру, сатушыларға наразылық дайындау және сотқа талап арыздар әзірлеу бойынша да қолдау тұрақты түрде көрсетілуде. Алдағы уақытта департамент тұтынушылардың құқықтарын қорғау және әділ сауда қалыптастыру бағытында жұмыстарды жалғастыра береді. Біздің негізгі мақсатымыз - тұтынушылардың заңды мүдделерін қорғау және сапалы қызмет көрсету мәдениетін қалыптастыру-деді Ерқасым Жайбергенұлы.

Тағы да оқыңыз: