Kyzylorda-news.kz  Тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы қазіргі уақыттағы ең маңызды әрі күрделі мәселесе. Әсіресе соңғы уақытта әлеуметтік желі, теледидар немесе басқа да жаңалықтар легін аша қалсақ әйелдер мен балаларды ұрып-соғу, қорлау, зорлау, өмірлерін қию сияқты жантүршігерлік аса ауыр қылмыстар мен оқиғаларға кезігіп жатамыз. Ең сорақысы, біз көріп, естіп жүрген тұрмыстық зорлық-зомбылық жайттары тек жартысы ғана, ал одан бөлек біз білмей, көрмей жүргеніміз қанша екені нақты белгісіз. Статистикаға сүйенсек, елімізде жыл сайын әрбір 6-шы әйел түрлі қысымға ұшырайды екен. Осы сандық көрсеткіштің өзі еліміздегі әйелдердің ең қауіпсіз орын болуы қажет отбасында қаншалықты қорғансыз екеніне дәлел. Егер де әйел немесе қыз бала отбасында, ең жақын деген өмірлік жары, серіктесінің жанында өзін қауіпсіз сезіне алмаса, күйеуі оның қауіпсіздігіне кепілдік бола алмаса, ол қорғау мен қамқорлықты қайдан алады және қайдан іздейді? Мемлекет тарапынан осыған байланысты заңға өзгерістер енгізіліп, оның жазасын күшейткенімен қылмыстың саны көбеймесе, азаяр емес. Неге бүгінгі қоғам сондай қатыгез болып барады? Бұл мәселенің анық-қанығы мен ақ-қарасын бүгінгі сараптамалық мақаламызда қозғайтын боламыз.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық қашан және қайдан шығады?

   ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаеваның айтуынша, елде өткен жылы 115 адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Бұл тек нақты тіркелгендер саны. Елімізде аталған мәселеге байланысты заң жүйесін қатаңдату үшін көптен бері күресіп келеді. Дегенмен бұл қылмыстың түгелдей алдын алу емес, тек салдарын шешу ғана. Ал негізгі мәселе әлдеқайда тереңде жатыр. Бұл мәселе тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қоса әлемде де қанатын кеңге жайған. Оның бастауы – сол баяғы отбасындағы тәрбиеден. Соңғы уақытта «агрессор», «абьюзер», «тиран» деген термин сөздерді жиі айтамыз. Аталған терминдердің ортақ мағынасы – отбасы мүшелеріне жұмсайтын өзінің эмоциясы мен агрессиясын басқаруға құлықсыздығы немесе қабілетсіздігі, келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге әрекетсіздігі. Психолог мамандардың айтуынша, ол адам жұмыста өте сабырлы, адекватты болып көрінгенімен, бірақ үйде агрессор болып шығуы бек мүмкін деседі. «Зорлық-зомбылық қайдан?» шығады деген сұраққа жауап берер болсақ, оған ең алдымен бала кезде ата-ана тарапынан қысымның болуы немесе мектепте зорлық-зомбылыққа ұшыраған жайттардың орын алуы үлкен әсерін тигізеді. Ал келесі себеп ерлі-зайыптының арасындағы түсініспеушіліктің орын алуы, бірін-бірі дұрыс тыңдамауы, ашық сөйлеспеуі, жұмыссыздық, қызғаныш, ішімдіктің салдары, қаражаттың жетіспеушілігі. Айта берсек оның себебі де таусылмас. Көп жағдайда қыз бала тұрмыс құрар алдында болашақ жарының мұндай қырын біле бермейді және жігіт те оны көрсете қоймас. Ал отбасылы болған соң осындай мәселе орын алған сәтте әйел үшін бұл үлкен соққы екені сөзсіз. Және сол отбасындағы зорлық-зомбылықты көріп өскен бала соны ер жеткенде қайталамауына кім кепіл? «Сүтпен кірген әдет сүйекпен кетеді» демекші, бала жастайынан қандай тәрбие алса, ержеткенде де сол әдет қалмайды. Егер бала отбасында зорлық-зомбылық көріп, болашақта сол нәрсені жасамайды деп ойласаңыздар, бұл өте қате ұстаным. Біріншіден, бұл баланың бойында қатыгездік ұялатады. Қазіргі қоғамда болып жатқан балалардың аяусыз бірін-бірі ұрып-соғуы мен қатыгездігі отбасындағы болған зорлық-зомбылықтың салдары екені белгілі. Біраз уақыттан кейін ол да тиран болуы мүмкін. Тағы бір жағдайда керісінше, ол өмір бойы құрбан болып қалуы мүмкін. Сәйкесінше, бұл адамның денсаулығы нашар, ол жеткілікті түрде дамымайды, ол барлық құлшыныспен болса да алға баса алмайды, ол қалыпты отбасында өскен балаға қарағанда бақ-дәулеті мен табысы аз болады. Бұл баланың психологиясына кері әсерін тигізіп қана қоймай, оның болашағына деген арман-мақсаты мен үміт отын сөндіреді. Ал бұның алдын алу үшін міндетті түрде психологтың көмегіне жүгінген дұрыс. Мамандардың айтуы бойынша соңғы уақытта осы мәселенің көбеюі мен жиі қайталануына байланысты қазақстандық балалар мен олардың ата-аналары білікті психологтарға зәру екен деген тұжырым қалыптасты. Аталған мәселе бойынша мектептерде, жоғарғы оқу орындарында, білім беру мекемелерінде міндетті түрде балалармен жеке дара сөйлесіп, психологиялық сауалнама, тренингтер өткізу қажет. Бұл үлкен мәселенің алдын алуға және бала болашағының жарқын болуына өз септігін тигізері анық.

  Зорлық-зомбылықтың көбінде ер адамның қателігінен болатыны белгілі, дегенмен оған әйел адамның тарапынан еріне деген сыйластығы мен құрметінің болмауы да себеп болып жатады. Нақтырақ айтқанда, ер адам үшін әйел әрқашан бір саты төмен болуы тиіс және бұл әсіресе қазақ отбасыларына тікелей қатысты. Ал әйелдің еріне деген дауыс көтеруі, себеппен де себепсіз де жанжал шығаруы, орынсыз сөйлеуінің нәтижесі осындай үлкен мәселеге сеп болады. Алайда қандай жағдай болмасын зорлық-зомбылық көрсетуге ешқашан, ешкімнің құқығы жоқ екенін ұмытпағанымыз абзал. Соңғы уақытта орын алған, бүкіл Қазақстанды аяғынан тік тұрғызған, үлкен резонансқа ие болған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны, яғни экс-министрдің өз әйелін аяусыз ұрып-соғып соңы қайғылы жағдаймен аяқталғанына барлығымыз куә болдық. Қазақ отбасыларында көбіне қаражаттың жетіспеушілігі, тұрмыстың төмендігін сылтауратып осындай жағдайға себеп болып жатады, ал бұл оқиғада ақшаның мүлдем қатысы жоқ. Қанша жерден бай-дәулетті, әл-ауқаты жоғары болса да мұндай жағдай кез келген жерде болатынына және қаражаттың жоқтығы бұған басты себеп емес екеніне дәлел бола түскендей. Тұрмыстық зорлық зомбылыққа баратын адамның сипаты мен болмысын нақты көрсетіп ешкім айта алмайды. Осы мәселенің орын алуының тағы бір басты әрі маңызды себебі ішімдік, яғни маскүнемдік. Арам суға сылқия тойып алып, қаншама азамат үйінің берекесін қашырып, айрандай ұйыған отбасының шаңырағын шайқалтып отыр. Тіпті ішімдіктің кесірінен күш көрсетіп, зорлық-зомбылық салдарынан қайғылы оқиғамен аяқталған қаншама оқиға бар. Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың сан түрлі себебі бар. Оған тек бір ғана себеп болады деп айта алмаймыз.

Отбасын жоспарлап құру маңызды

 Қазіргі таңда саналы түрде отбасын жоспарлап құру өзекті тақырыптың бірі болып отыр. Оның себебі жастар отбасын құрған соң, баспананың болмауынан пәтер жалдап тұрады. Отбасылы адамның шығыны да көбейетіні белгілі. Балалы болған соң шығын тіпті екі есеге көбейе түседі. Ал жалақының жетіспеушілігі мен шығындардың көп болуының салдарынан жас отбасының несие алуына тура келеді. Қазіргі қоғамда екінің бірінде несие бар екені белгілі. Жұмыстың тұрақсыздығы, жалақының төмендігі, бұл қарыз жүктемесі тұрақты табыс болмаған жағдайда, барлық тапқан ақшасы несиені өтеуге кеткен кезде, қазақстандық жас отбасылардың әлеуметтік осал тұстарының біріне айналып шыға келеді. Кейбіреулер осыдан соң өз шығындарын өтей алмай, ішімдікке салынып, әйелі мен балаларына қол көтере бастайды. Олар өз ренішін, қатыгездігін әйеліне, балаларына төгеді. Сондықтан отбасын жоспарлауға көңіл бөлу керек. Біздің қоғамға отбасын жоспарлау сабақтары, сыныптары өте қажет.

Күш көрсету – әлсіздің ісі

 Өзінен физикалық тұрғыда әлсіз адамға күш көрсету бұл – әлсіздік. Оның әлсіздігін, қауқарсыздығын біле тұра күш көрсету – барып тұрған бассыздық. Жалпы бүгінгі күні зорлық-зомбылық тек бір ғана отбасына емес, қоғамға ортақ мәселе. Бұрындары әйелдер көбіне өздерінің абыройы мен тәрбиесі үшін мұндай жағдайларды жасырып қалатын. Соңғы жылдары құқық қорғау органдарына жүгініп, арыз жазып, өз құқығын қорғауды өтінген әйелдер көбейді. Бұл әрине қуантарлық жайт. Себебі заң бойынша ешкімнің біреуге зорлық-зомбылық көрсетуге құқығы жоқ, тіпті ол ең жақын адамы болса да. Дегенмен мұндай жағдайды жасырып қалатындар да жоқ емес. Қанша зәбір көріп, жапа шегіп жатса да балаларын ойлап, отбасын сақтап қалу мақсатында тіс жармай, үндемей қалатындар бар.

 Бүгінде отбасында болатын түрлі жағдайлардың алдын алу және көмек көрсету мақсатында қолдау орталықтары жұмыс жасауда. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесінде ең маңыздысы – құқық бұзушыны жазалау емес, отбасыны қолдау және сақтап қалу. Аталған орталыққа зәбір көріп, таяқтың астында қалған әйелдер көмек сұрай келеді. Орталық мамандары әйелдерді демеп, көмегі мен қолдауын көрсетіп, нәтижесінде 50 пайызға жуығы өз отбасымен қайта қауышып, сақтап қалады екен. Осыған байланысты осы жылы ашылған Сырдария аудандық отбасын қолдау орталығы қазіргі таңда жүйелі жұмыстар атқаруда. Бүгінгі күні аталған орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдермен  тығыз байланыс орнатып, күн тәртібіндегі басты мәселе ретінде үлкен мән берілуде.  Негізінде әр мемлекет үшін отбасының бүтіндігі маңызды. Егер отбасыны сақтап қалу мүмкін болмаса, әйелдердің заң жүзінде ажырасуына, балаларына алимент өндіруге көмек көрсетіледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылық ең алдымен психологиялық түрде пайда болады. Психологиялық зорлық бұдан әрі күш көрсетуге, яғни, ұрып-соғуға жалғасады. Кейде жәбірленуші өзіне-өзі қол жұмсауы да мүмкін. Осылай зәбір көрсету әрекеті отбасына біртіндеп еніп, қалыпты жағдайға айналатындай болады. Ол отбасы мүшелерінің қарым-қатынасын бұзып, балалардың психикасына айтарлықтай зиянын тигізеді. Сол себепті, қорлыққа шыдап отыра бермей болашағыңыз бен балаңыз үшін бұл туралы міндетті түрде ашық айту керек. 

  Ағымдағы жылдың мамыр айында Сырдария аудандық прокуратура мен жергілікті полиция қызмет бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторымен бірлесе отырып, тізім бойынша көрсетілген әкімшілік және отбасы тұрмыстық жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұлғалардың мекен-жайларын аралап, профилактикалық жұмыстар жүргізілді, – дейді Сырдария аудандық отбасын қорғау орталығының психолог маманы Аида Маханбетова. 

      Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жазасы қатаң

    Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2024 жылдың 15 сәуірінде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған жаңа заңға қол қойған болатын. Жаңа қабылданған заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді. Дәлірек айтқанда, бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланып келсе, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Жазаға 80-нен 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу жатады. Одан бөлек жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Бұл заң жобасының қалыптасуына Қазақстан Республикасындағы Адам құқық­тары жөніндегі уәкіл мекемесі де өз үлесін қосты. 2023 жылдың қараша айында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мәселелері бойынша халықаралық конференция өткізді, оның барысында мемлекеттік органдармен, сарапшылармен, ҮЕҰ және дағдарыс орталықтарының өкілдерімен бірлесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға ықпал ететін негізгі факторлар талқыланды. Нәтижесінде заңнамалық түзетулер пакеті қалыптастырылып, Қазақстан Республикасы Парламентіне жолданған болатын.

Түйін. Отбасы – тұтастай ұлттың тірегі. «Отан отбасынан басталады» десек, отымыздың сөнбеуіне біркісідей үлес қосқан жөн болар. Ұлықты ұл тәрбиелеймін деген әке өз шаңырағын шайқалтып жүрсе, ал аналар ошағының отын маздата алмай, шырпыр болып маза таппай жүрсе, өскелең ұрпақ тәрбиесі не болмақ? Отбасы тыныштығы мен берекесі тек заңмен емес, махаббат, мейірім сияқты асыл қасиеттермен қорғалса екен.

Алтынай Қайратқызы

Фото: egemen.kz

Тағы да оқыңыз: