Kyzylorda-news.kz “AMANAT” партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешованың қатысуымен партия филиалы жанындағы экология жөніндегі аймақтық кеңестің отырысы өтті.

Жиында алдымен кеңес мүшелері Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асырудағы міндеттерді талқылады.  Мұнан соң партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында қамтылған экологияның жақсарту, тұрмыстық қалдықтарды  жинау және тасымалдау  мәселелері, сонымен қатар осы бағытта сайлау уақытында сайлаушылардан түскен ұсыныстардың орындалу барысын талқылады. 

Жиында Президент Жолдауының маңыздылығы, онан туындайтын міндеттер жөнінде партия белсендісі, философия ғылымдарының докторы  Баймырза Қожамберлиев кеңінен түсіндіріп өтті. 

Өңірде партияның сайлауалды бағдарламасы аясында қалдықтарды өңдеу және кәдеге жарату үлесін 33,6%-ға дейін жеткізу жоспарланған.

Ағымдағы жылдың 2-ші тоқсаны нәтижесімен облыс бойынша жиналған 153,8 мың тонна қатты қалдықтар жинақталып, оның 48,5 мың тоннасы өңделген, пайыздық үлесі 31,5 %-ды құрайды.

Облыс бойынша қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және өңдеу саласында 17 кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасайды. Олармен макулатура, қартон, пластмасса, пластик қалдықтары, тамақ қалдықтары мен шыны өнімдері сұрыпталып, автокөлік шиналарынан ұнтақталған гранула, макулартурадан қағаз өнімдері шығарылуда.

Облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, қатты қалдықтарға арналған полигондар кезең-кезеңмен салынуда. Атап айтқанда, 2015 жылы облыстық бюджеттен 22,9 млн. теңге бөлініп Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде қатты қалдықтар полигоны салынған. 2020 жылы 176,9 млн.теңгеге Арал қаласынан 4 шақырым қашықтықта орналасқан полигон құрылысы аяқталып, іске қосылды. Полигонның қуаттылығы жылына 37,8 мың тонна. Жер учаскесінің көлемі: 6,2 гектар. 2024 жылы Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде облыстық бюджет қаражаты есебінен 475,5 млн. теңгеге қуаттылығы 3500 тонна сұрыптау кешені бар жаңа полигон салынып, пайдалануға берілді. 

Жаңақорған ауданы, Жаңақорған кентінде құны 968 млн. теңгеге полигон құрылысының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарын қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылуда,- дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының  басшысы Ғалымжан Еркебай.

Өңірде бюджет есебінен бөлек, облыс бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, өңдеу бағытында 96 млрд. 178 млн. теңгеге 10 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, 95 млрд. 619 млн. теңгені құрайтын 9 жоба «Жасыл Даму» акционерлік қоғамы қаржыландыруы арқылы іске асырылуда. Ағымдағы жылдың 8 шілдесінде облыс әкімі, Парламент Мәжілісінің депутаттары және Экология және табиғи ресурстар министрінің қатысуымен жалпы құны 34,5 млрд.теңгені құрайтын Қызылорда қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытының капсуласы салынды. Бүгінгі күні қуаттылығы жылына 300 мың тонна қалдық сұрыптау қарастырылған Оңтүстік Корея технологиясы бойынша жұмыс жасайтын зауытының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Жиын барысында партияның облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгеруші Нұрлан Әбдікәрімов хабарлама жасап, сайлауалды науқанда жинақталған халықтың ұсыныс-тілектерінің орындалуы бойынша айтып өтті. 

«ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарын сайлау науқанының үгіт кезеңінде кандидаттармен «Халық айтсын» акциялары мен тұрғындарды жеке мәселелеріне сәйкес облыс бойынша өткізілген 213 қабылдауға 935 адам келіп, 1223 ұсыныс жинақталды. Оның 91 ұсынысы ҚР Парламент Мәжілісіне ұсыну үшін Республикалық қоғамдық қабылдау кабинетіне ұсынылса, 1132 ұсыныс облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі мәслихат депутаттарына бөлінді. Көтерілген ұсыныстардың 97,4 пайызы оң шешілді. 29 мәселе бойынша жұмыс жасалып жатыр» деді Нұрлан Әбдікәрімов.

Кеңес мүшелері күн тәртібінде көтерілген мәселелерге жауапты өкілдерге  сауалдарын қойып, жұмысты жетілдіруге қатысты ұсыныс – пікірлерін білдірді. Негізгі ұсыныстар тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және өңдеу мәселесіне қатысты болды. Барлық атылған ұсыныстар хаттамаланып назарға алынды. 

Тағы да оқыңыз: