Бүгін облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлының төрағалығымен «Байқоңыр» кешенінде туризмді дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыруға арналған арнайы жиын өтті.
Жиынға «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы, бас менеджер Лейла Бақытова, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туризм департаментінің басқарушы директоры Дамеля Құнанова, сондай-ақ «Контакт» агенттігінің директоры Елена Когай қатысты. Сонымен қатар, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілдігі және Қармақшы ауданы әкімдігі жиынға тікелей байланыс арқылы қосылды.
Басқарма басшысы өз сөзінде өңірдің негізгі туристік аймағы саналатын «Байқоңыр» ғарыш кешенінің әлеуетін арттыру мақсатында арнайы жоба әзірленгенін және нақты шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.
– «Байқоңыр» – қала мен ғарыш айлағын біріктіретін, баламасы жоқ бірегей кешен. Бүгінде «Байқоңыр» кешенінің туристік әлеуетін арттыру бағытында 2024–2027 жылдарға арналған Қызылорда облысының туризмді дамыту жөніндегі Жол картасы бекітілді. Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасына сәйкес, «Байқоңыр» кешенінде туризмді дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Бұл жоба «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясымен бірлесе жүзеге асырылуда. Ендігі міндет – осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, тиімді ұсыныстар мен нақты тәсілдерді іске асыру, – деді Бахтияр Ғарифоллаұлы.
Жиын барысында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы тұжырымдама жобасын таныстырып, аталған кешенді дамытудың өзекті мәселелеріне тоқталды. Соның ішінде зымыранның ұшырылуын тамашалауға келетін туристерге жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін ұсыну, Байқоңыр қаласынан туристерге арналған арнайы сапар орталығын ашу мәселесі туралы кеңінен тоқталды. Осы ретте айтылған ұсыныстар ескеріліп, тұжырымдама аясындағы іс-шаралар жоспарына енгізілетін болады.
Байқоңыр – жер бетіндегі аспанмен тілдесетін ең ерекше қасиетті мекен. Ғарышқа алғаш жол ашқан Байқоңыр – тек ғарыш айлағы ғана емес, адамзаттың шексіз мүмкіндіктерін паш еткен тарихтың алтын белгісі ретінде еске түседі. Қазіргі таңда дәл осы ғарыш қақпасына ерекше қызығушылық білдірушілер саны жылдан-жылға артып келеді. Сәйкесінше жыл басынан бері Байқоңыр ғарыш айлағынан 3 зымыран тасығыш ұшырылып, оны тамашалауға 4 мыңға жуық турист келген.
Жоспар бойынша жыл соңына дейін тағы 3 зымыран тасығыштың, оның ішінде бір басқарылатын кеменің ұшырылуы жоспарлануда.