Kyzylorda-news.kz Бүгін Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Мәжілістің күн тәртібінде туризм саласын дамыту және бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Жиында аудан әкімі туризмнің өңір экономикасын дамытудағы маңыздылығын атап өтіп, демалыс аймақтарын абаттандыру, жол бойындағы сервистік кешендердің талапқа сай әрі сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз ету, келушілер үшін қолайлы жағдай жасау, санитарлық тазалық пен қауіпсіздік талаптарын сақтау бағытында жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.
Сонымен қатар, аудан аумағындағы мәдени-тарихи ескерткіштерді күтіп-ұстау, олардың инфрақұрылымын жақсарту, туристерге қолжетімділігін арттыру және өңірдің туристік әлеуетін көтеру бағытында сала басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдеріне тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ, мәжілісте облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ауданға инвесторлар тарту, жаңа өндірістік жобаларды іске асыру және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мәселелері де талқыланды. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, нақты жобаларды сүйемелдеу және олардың іске асырылуын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі ескертілді.
Айта кетейік, аудан бойынша мемлекеттік тізімге енгізілген 62 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның ішінде 1 ескерткіш республикалық маңызы бар нысан болса, 55-і жергілікті маңызы бар ескерткіштер қатарына жатады. Ал 6 нысан алдын ала тарихи маңызы бар объектілер тізіміне енгізілген.
