Kyzylorda-news.kz «TURGYNDAR AMANATY» партиялық жобасы аясында бүгін «AMANAT» партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова, партиялық бақылау комиссиясының және партияның облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі кеңес мүшелері, жауапты басқарма, бөлімдер өкілдері және пәтер иелері ассоциациясының Қызылорда қаласы бойынша төрайымы Илимжаухар Сартовамен бірге «Центр-Айрис» ЖШС қызмет көрсететін Сәулет мөлтек ауданындағы тұрғын үйлерге мониторинг жүргізді.

Мониторинг барысында тұрғын үйлердің жай-күйі, аулалардың тазалығы, коммуналдық қызмет көрсету сапасы мен абаттандыру жұмыстары назарға алынды. Сонымен қатар, тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Бүгінде Сәулет мөлтек ауданындағы 12 тұрғын үйде 700-ден астам тұрғын қоныстанған. Аталған аумақ 2022 жылы «Үздік аула» номинациясымен марапатталған. Тұрғындар «Центр-Айрис» ЖШС-нің жұмысына ризашылықтарын білдіріп, аумақтың тазалығы мен күтіп ұсталуы талапқа сай екенін атап өтті.

Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан балалар ойын алаңдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және ауладағы бос орынға жаңа ойын алаңын салу жөнінде ұсыныстар айтылды. Партия өкілдері көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Мониторинг барысында сөз алған партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова «TURGYNDAR AMANATY» жобасының негізгі мақсаты халықпен ашық байланыс орнатып, тұрғындардың тұрмыс сапасына қатысты мәселелерді бірлесіп шешуге қолдау көрсету екенін атап өтті.

«TURGYNDAR AMANATY» жобасының басты мақсаты – халықпен тұрақты кері байланыс орнатып, тұрғындарды толғандырған мәселелерді тікелей өз аулаларында талқылау. Біз үшін әр тұрғынның пікірі маңызды. Осындай мониторингтер арқылы нақты мәселелер анықталып, оларды шешу бағытында тиісті жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Халықтың жайлы әрі қауіпсіз ортада өмір сүруіне жағдай жасау – партияның негізгі міндеттерінің бірі. Сонымен қатар, жоба аясында алдағы уақытта «Үздік аула», «Үздік МИБ», «Үздік ПИК» сынды байқаулар ұйымдастырылып, тұрғындардың белсенділігі мен аумақтардың тазалығы, күтімі жан-жақты бағаланатын болады. Сәулет мөлтек ауданы тұрғындарын осы жетістікті сақтап, «Үздік аула» тұғырынан түспеуге шақырамын», – деді ол.

Шара аясында тұрғындардың ұсыныстары назарға алынып, тиісті мекемелермен бірлесіп жұмыс жүргізілетін болды.

Тағы да оқыңыз: