Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Ғани Мұратбаев және Абай ауылының халқымен кездесіп, әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.
Алдымен аудан орталығына жақын орналасқан Ғани Мұратбаев ауылының халқымен дидарласқан аудан әкімі өңірде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен жүзеге асып жатқан жобалар мен алдағы жүзеге асырылатын жұмыстар жайында атап өтті.
Мұнан соң кезек ұсыныс пікірлерге келгенде ауыл халқы округ аумағындағы инженерлік-инфрақұрылым жүргізілген аймаққа жол салу, ауылға жаңа мектеп салу сынды мәселелерді көтерді. Аудан басшысы бірінші сауал бойынша ауылдық округтегі инженерлік-инфрақұрылым жүргізілген аймаққа жол салу үшін жоба әзірленгенін, жобаға сәйкес алдағы уақытта тиісті қаржы бөлінген жағдайда жол салу жұмыстары басталатындығын айтты. Ал, жаңа мектеп салу мәселесіне байланысты облыстық құрылыс басқармасы арқылы ауылдық округке 250 орындық мектеп салу үшін жалпы құны 1,9 млрд.теңге болатын жобалық сметалық құттама дайындалып, сараптамадан өткізілгенін, сондай-ақ құрылысты қаржыландыруға ұсынылғанын жекізді.
Аудан әкімінің мұнан кейінгі кездесуі дарияның арғыбетінде орналасқан Абай ауылында жалғасты. Кездесуде аудан әкімі ауданда жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында тарқатып өтті. Ауыл тұрғындары кездесу барысында ауылішілік көшелерді асфальттау, шабындық және жайылымдық жердің тапшылығы, оны суландыру мәселесі сынды елдік мәселелерді ортаға салды. Алмасбек Әбілқасымұлы бұл ретте келер жылға мүмкіндігінше ауыл ішіндегі бір көшені асфальттау мәселесін қолға алып, шабындық, жайылымдық жер мәселесі бойынша арнайы мамандармен бірлесе жұмыс жасалатындығын жеткізді. Сонымен қатар алдағы уақытта ұйымдастырылып жатқан Абай ауылының 85 жылдық мерекесін жоғары деңгейде өткізілуіне тілектестігін білдірді.
Аудан әкімі екі ауылдыңда халқымен өткен кездесудерден кейін мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандарды аралап көріп, нысандардың бу қазандықтарының қысқы жылу беру маусымына дайындығын пысықтады.