Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, азаматтардың өтініштері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Қабылдау барысында тұрғындар өздерін толғандырған әлеуметтік және тұрмыстық сипаттағы мәселелерді көтеріп, ауданның дамуына қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Жеке қабылдауға келген азаматтар тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік көмек алу, жұмысқа орналасу, инфрақұрылымды жақсарту, коммуналдық қызметтер және өзге де маңызды мәселелер бойынша сауалдарын қойды. Әрбір тұрғынның өтінішіне мұқият назар аударған аудан әкімі көтерілген мәселелердің мән-жайын нақтылап, олардың заң талаптарына сәйкес қаралатынын жеткізді.
Қабылдау барысында кейбір мәселелер бойынша тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілсе, қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларының бақылауына алынды. Аудан басшысы азаматтардың көтерген мәселелерін уақытылы әрі сапалы шешудің маңыздылығын атап өтіп, жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, әрбір өтініштің орындалу барысы бақылауда болатынын айтты.
Тұрғындарды жеке қабылдау – халық пен жергілікті атқарушы билік арасындағы тиімді байланысты нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі. Мұндай кездесулер азаматтардың өзекті мәселелерін тікелей жеткізуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, оларды шешу жолдарын нақтылауға ықпал етеді.
Айта кету керек, аудан әкімдігі ғимаратында тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында «Азаматтарды қабылдау орталығы» тұрақты түрде жұмыс істейді. Орталықта азаматтарға қажетті ақпараттық және консультациялық көмек көрсетіліп, өтініштерді қабылдау мен қарау процестері заманауи талаптарға сәйкес ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, орталықта өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы жұмыс істейді. Мұнда келушілер мемлекеттік қызметтерді электронды форматта алу мүмкіндігіне ие. Азаматтарды қабылдау электронды кезек жүйесі арқылы жүзеге асырылып, бұл тұрғындардың уақытын үнемдеуге және қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде аудан тұрғындары аудан әкімінің қабылдауына бірнеше тәсіл арқылы жазыла алады. Атап айтқанда, азаматтар eGov электрондық үкімет порталы, e-Otinish бірыңғай өтініштер жүйесі арқылы немесе аудан әкімдігіне жазбаша өтініш жолдау арқылы қабылдауға тіркелуге мүмкіндік алған.
Жалағаш ауданы әкімдігі тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын қарау, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етіп, халықтың билікке деген сенімін арттыруға ықпал етуде.
