Kyzylorda-news.kz Жаңақорған ауданының әкімі Жарқынбек Ғалымжан аудандық мәслихатының VIII шақырылым депутаттарымен кездесті. Жиынға ауданның зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдары мен дербес бөлімдердің басшылары қатысты.
Мемлекет басшысының 12 қазандағы Жарлығымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, депутаттар сайлауы 29 қарашаға белгіленді.
Кездесу барысында аудан басшысы депутаттардың ауданымыздың әлеуметтік - экономикалық дамуына қосқан үлесін атап өтіп, ел мүддесі жолындағы еңбектеріне алғыс білдірді.
– «Депутат болу – үлкен сенім мен жауапкершілік. Халықтың атынан сөз сөйлеп, оның мүддесін қорғау, сенімінен шығу оңай міндет емес. Жаңақорған аудандық мәслихатының VIII шақырылымының 15 депутаты 2023 жылғы 30 наурыздан бастап 2026 жылғы 12 қазанға дейін өзіне жүктелген міндеттерін абыроймен атқарды. Халық сенім артқан азаматтар мемлекеттік органдармен, сайлаушылармен тығыз байланыс орнатып, Президентіміздің бастамасымен елімізде өткен ірі саяси науқандарға белсенді қатысты. Бүгінгі кездесуді сол атқарылған еңбекті бағалайтын сәт. Сіздердің әрқайсыңыздың елге қызмет ету жолындағы еңбектеріңіз барлық құрметке лайық.», – деді аудан басшысы.
Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің, облыстық мәслихат төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Кездесуде аудандық мәслихат төрағасы қызметін уақытша атқарған Жасұлан Амалбеков, VIII шақырылымының депутаты болған Әлібек Нәлібаев сөз сөйледі.
Айта кетейік, VIII шақырылым кезеңінде аудандық мәслихаттың 52 сессиясы өткізіліп, 610 шешім қабылданды. Депутаттар 130 депутаттық сауал жолдап, тұрғындарды толғандырған бірқатар мәселенің оң шешімін табуына ықпал етті.
Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамыту, білім беру, медициналық қызмет сапасын арттыру, мәдениет пен өнерді қолдау, ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту және бұқаралық спортты дамыту бағытында да ауқымды жұмыс атқарылды.
