Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов жұмыс сапарымен Есет батыр ауылына барып, елді мекендегі ауызсу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарының екінші кезеңінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Сапар барысында аудан басшысы құрылыс нысандарын аралап, жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу деңгейін бақылап, жауапты мамандармен пікір алмасты.

Қазіргі таңда Есет батыр ауылында тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, ауызсу жүйесін кеңейту және қайта жаңғырту жобасы іске асырылуда. Бұл жоба елді мекен тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға, инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға және халықтың таза ауызсуға деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге бағытталған. Жобаны мердігер мекеме – «Бақ Береке-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда.

Жалағаш ауданының әкімі құрылыс жұмыстарының қарқыны мен сапасына ерекше назар аударып, мердігер мекеме өкілдеріне барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап, жоғары сапада орындау қажеттігін қатаң тапсырды. Сонымен қатар, құрылыс барысында техникалық талаптар мен қауіпсіздік нормаларының толық сақталуы маңызды екенін атап өтті. Жауапты сала басшыларына жұмыстардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, туындауы мүмкін мәселелерді жедел шешу жөнінде нақты міндеттер жүктелді.

Сапар аясында аудан басшысы ауылішілік аяқсу жүйесінің де жай-күйімен танысты. Егін және бау-бақша шаруашылығымен айналысатын тұрғындар үшін аяқсудың маңызы зор екенін атап өткен аудан әкімі су арналарының тиімді жұмыс істеуі мен судың уақытылы жеткізілуін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Осы бағытта ауылдық округ әкімі мен жауапты мекеме өкілдеріне аяқсу жүйесін ретке келтіру, арналарды тазалау және су тарату жұмыстарын үйлестіру бойынша тапсырмалар берілді.

Мемлекет басшысының халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында ауданда инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, ауылдық елді мекендердің дамуына және әлеуметтік жағдайдың жақсаруына оң әсерін тигізуде.

Жоғарыда айтылғандай, Есет батыр ауылында жүргізіліп жатқан ауызсу жүйесін қайта жаңғырту және аяқсу инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі болып табылады. Аудан әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімінде орындалуына тұрақты бақылау жасалуда. Алдағы уақытта жобаның толық іске асуы ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен және тұрақты аяқсумен қамтамасыз етіп, елді мекеннің әлеуметтік-инженерлік әлеуетін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

Жалағаш ауызсу, аяқсу мәселесі.jpg

Тағы да оқыңыз: