Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартайдың қабылдауында Қызылорда қаласы, КБИ мөлтек ауданы, Қорқыт ата 2 көшесінің тұрғындары көшені асфальттау мәселесін көтеріп, қолдау көрсетуді сұраған болатын.
Партияның облыстық филиалының төрағасы аталған көшеге арнайы барып, жолдың жай-күйімен танысты. Жауапты сала мамандарын шақырып, тұрғындармен бірге мәселенің мән-жайын жан-жақты зерделеді.
Тұрғындардың айтуынша, осы аумақтағы өзге көшелердің барлығы асфальтталған, тек Қорқыт ата 2 көшесі мен оған іргелес бір көше жөндеусіз қалып отыр.
Пікірлесу барысында 2024 жылы көшеге уақытша тас төселгені және өткен жылы арнайы тегістеу жұмыстары жүргізілгені анықталды. Алайда бұл шаралар тұрғындар үшін түбегейлі шешім болмай отыр.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандарының айтуынша қазіргі таңда аталған көшені жөндеуге қатысты жоба әзірленіп, 2026 жылға бюджеттен қаржы бөлу үшін ұсыныс енгізілген. Қажетті қаражат бөлінген жағдайда құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.
Кездесуде тұрғындар көшені жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолдарын (тротуар) қарастыру бойынша ұсыныстарын да білдірді.
Партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай тұрғындардың өтініші назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, көшені толық жөндеу мәселесі аяқталған соң аталған ұсыныстарды шешу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Дәулет Ізбасар аталған мәселенің партиялық бақылауда болатынын мәлімдеді.
