Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша кезектілік тәртібімен қабылдады. Қабылдауға алдын ала 20 азамат жазылып, тіркелген.
Қабылдау барысында тұрғындар тұрғын үймен қамту, жер алу, тұрақты жұмысқа орналасу және өзге де әлеуметтік мәселелер бойынша өтініш-тілектерін жеткізді.
Аудан әкімі әрбір азаматтың мәселесін мұқият тыңдап, көтерілген сұрақтарды жауапты сала басшыларымен бірге талқылады. Бірқатар мәселелер бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндірмелер беріліп, жекелеген өтініштерді зерделеп, шешу үшін жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.
Жұмысқа орналасу мәселесі бойынша азаматтарға аудандағы мекемелер мен кәсіпкерлік нысандардағы бос жұмыс орындары ұсынылып, қоғамдық жұмыстарға және қайта даярлау курстарына қатысу мүмкіндіктері түсіндірілді.
Тұрғын үй мәселесіне қатысты азаматтарға белгіленген санаттар мен заң талаптарына сәйкес тұрғын үй кезегіне қою және қамтамасыз ету тәртібі түсіндірілді.
Қабылдау барысында көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, олардың заң аясында шешілуі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Айта кетейік, аудан әкімінің жеке қабылдауына egov.kz порталы, e-Өтініш ақпараттық жүйесі арқылы немесе аудан әкімдігіне жазбаша өтініш беру арқылы жазылуға болады.

