Kyzylorda-news.kz. Тамыры тереңде жатқан Жалағаш жері де талай ұлт пен ұлысты өзге деп бөле-жармай, туыстық қарым-қатынас орнатты. Елде тыныштық пен бірлік болса, алдағы уақытта да аудан экономикасының қарқынды дамуына құтты қадамдар жасалып, өңір халқының қолдауымен қыруар жұмыс жүзеге асырылады деп ойлаймыз. Ең бастысы – бірлігімізден қол үзбесек, іргемізді берік ұстасақ болды.

Біз көпұлтты мемлекетпіз. Сонау бір жылдары тағдыр тәлкегімен жылы ұясын тастап, атамекендерінен үдере көшіп, пана іздеп келген жандарды құшақ жайып қарсы алдық, төрімізден жай ұсындық, қоныс бердік, қоңсы қондырдық. Олар діні мен тіліне, нәсіліне қарамай, ата-бабадан аманатқа қалған ұлан-ғайыр даламызға да, көлдей көңілімізге де сыйды, сіңді. Олардың әрқайсысын өз бауырымыздай көріп, қолымыздағы барымызбен бөлістік. Олар да халқымыздың қонақжай көңіліне, қылаусыз пейіліне қарыздар екенін біледі.

Кезінде үдере көшкен этнос өкілдеріне кең құшағын жайған, өз Отанынан пана берген де біздің халық еді. Әлем елдеріне татулық пен бірліктің үлгісі ретінде танылған Қазақстан расымен де өзгені өзекке теппеген мемлекет. Биылғы бірлік күні қарсаңында редакциямызға бас сұққан кент тұрғыны, неміс ұлтының өкілі Валентина Коновалова да бұл күннің маңыздылығын айтады. Кезінде қудалауға ұшыраған Валентина апамыздың әкесі жазықсыз жазасын өтеп, одан соң Қазақстанға қоныс аударылған екен. Сол тұста қазіргі өмірлік жұбайымен танысып, осында келген соң шаңырақ көтеріпті. Расымен, тарихқа үңіліп қарайтын болсақ, ұлы халықтың бастан кешпеген қиындығы жоқ. Өздері небір қиыншылықпен күн кешіп отырса да, көңілі дархан, құшағы кең халық сырттан келген ұлттарға қонақжайлық танытып, дастарқандағы асымен бөлісті. Қазірде сол қуғын-сүргіннің құрбаны болған жандар қазақ жеріне тұрақтап, осында өсіп-өніп, балалы-шағалы болып, тіпті қазақпен құда-құдандалы болып отыр. Кейіпкеріміздің айтуынша, ынтымақ пен бірлік бар жерде кез келген қиындықты бірге еңсеруге болады. 

«Тағдырдың жазуымен кезінде ата-анамыз осы қазақ еліне қоныстанып қалдық. Сондай қиын-қыстау заманда ешқайсымызды жатсынбай құшақ жая қарсы алған қазақ халқының кеңдігіне, қонақжайлылығына ризамыз. Қазақстанды ортақ Отанымыз деп санаймыз. Себебі, жері кең, көңілі дархан ел бізге бөтен болған емес. 130-дан аса ұлт шоғырланған қазақ жерінде ауызбіршілікте өмір сүріп жатырмыз. Біз осы елде тамыр жайдық, өстік-өркендедік. Біздің әрбіріміздің қолайлы өмір сүруімізге қол ұшын созды. Талай тағдырды бір шаңырақ астына ұйыстырған, басына бақ қонған қазақ елі 30 жыл ішінде экономикасы қарқынды дамып, шет елдермен байланыс орнатып үлгерді. Бұл барлығымыз үшін зор мақтаныш, – дейді кент тұрғыны. 

Иә, бәріміз қазақстандықтардың мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі бекем, достығы берік екенін білеміз шешен ұлтының өкілі мұнда барлығы бір-бірінің салт-дәстүріне дейін аса құрметпен қарайтынына ризашылығын білдірді. 1956 жылы кентте дүние есігін ашқан Валентина Коновалованың туған күні де Ұлы Жеңіс күнімен бірдей. Яғни бұл кісі 9 мамыр күні өмірге келіпті. Өмірлік жолдасы орыс ұлтының өкілі. Үш баланың ата-анасы, қазір қыздарын қияға қондырып, 4 немеренің әжесі атанып отыр. неміс ұлтының өкілімен әңгіме барысында отбасындағы берекенің сақталуы ұлтқа байланысты емес, бірлікте деп санайтынын жақсы түсіндік. Осында туылып, осында оқып, бойжетіп, осында қызмет жасаған екен. Саналы ғұмырын ұстаздық жолда сарп етіпті. Аққыр, Жаңадария, М.Шәменов ауылында мұғалім, онан кейін кент орталығындағы №202 орта мектеп пен оқушылар үйінде де оқушыларға білім беріп, саланың дамуына айтарлықтай үлес қосыпты. «Осы «Жалағаш жаршысы» газетінде ұзақ жыл еңбек еткен Маханбет Ахметов, журналистика саласында өзіндік орны бар Тұрақ Ахетовтерге сабақ берген едім» дейді кейіпкеріміз бір сөзінде. Иә, ұстаздың алдынан ғалым да, дана да, басшы да, батыр да өтеді деген осы ғой. 

«Қазақ халқы біздің әрбіріміздің салтымызға, дініміз бен құндылықтарымызға сыйластықпен қарағанындай, біз де қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қараймыз. Барлық этнос өкілдері дана халықтың қонақжайлылығы мен бауырмалдылығын ерекше бағалайды деп ойлаймын. Бірлік болмай тірлік болмайтынын жақсы білеміз. Сондықтан ең әуелі бірлігімізден ажырамауымыз керек» деген кент тұрғыны, неміс ұлты өкілінің сөзінен ұлтаралық достықтың біздің елде шынымен барына қуандық. 

Тәңір тарту еткен тәуелсізігіміздің тұғырлы болуы, әрине, қоғамдағы тұрақтылыққа тікелей байланысты. Ал қоғамның тұрақтылығы сақталуы үшін елде алауыздық болмауы керек. Керісінше бірліктің ақ туы жоғары болып, іргеміз сөгілмеуі тиіс. Елдегі тыныштықты сақтауда осындай Отанына адал, азат күннің қадірін білетін жандардың қатары сиремесе дейміз. Ал Валентина апайымыздың ақжүрегінен туған алғаусыз көңілі мен ерекше ықыласы халқымыздың мызғымас бірлігінің жемісі.

Тағы да оқыңыз: