Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық мәслихат депутаты Нұридин Әмитовтың төрағалығымен сессия алдындағы тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. 

Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыстық мәслихат депутаттары және БАҚ өкілдері қатысты. 

Күн тәртібіндегі өзекті мәселе облыстың денсаулық сақтау саласының жайы және оны жақсарту шаралары және  тегін дәрі-дәрмек немесе жеңілдікпен берілетін тегін медициналық кепілді көмек жайы туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов, ал ветеринария саласындағы кейбір шешімдердің күші жойылды деп тану, облыстың елді мекендерінде жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларын, үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бекіту туралы мәселелер бойынша облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев баяндама жасап, аталған мәселелер егжей-тегжейлі талқыланды.

Баяндама тыңдалған соң, «AMANAT» партиясының фракция мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары Ібайдулла Тілеп, Қылышбай Бисенов, Тілеуберген Шаутай, Аида Абибуллаева, Лаура Ибраимова және т.б өз сауалдары мен ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, басқарма басшылары тарапынан тиісті жауаптар берілді.

Отырыс соңында күн тәртібіне ұсынылған 11 мәселе бойынша шешім жобасын сессия қарауына жіберу туралы бірауыздан қаулы қабылданды.

Одан соң, облыстық мәслихаттың кезекті 20 сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімінің орынбасарлары, барлық деңгейдегі мәслихат хатшылары мен құқық қорғау органдарының басшылары және тиісті басқарма басшылары қатысты. Сессияға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов төрағалық етті. Күн тәртібінде 11 мәселе қаралды.

Сессия жұмысының алдында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақтың ағымдағы жылғы 9 ай қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық дамуына қысқаша тоқталып өтті.

«Есепті кезеңде өңірдің барлық макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша өсім қалыптасты. Осыған дейін айтқанымдай, мұнай газ саласындағы жағдайды реттеу және жаңа мұнай кен орындарын анықтау мақсатында өткен жылдан бері «Шу Сарысу», «Арал» және «Сырдария» шөгінді бассейндерінде геологиялық-геофизикалық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар нәтижелі жүзеге асырылса, жаңа мұнай кен орындарын игеруге мүмкіндік аламыз. Өңірде салынған шыны зауытының күйдіру пеші қажетті температурасына жетіп, ағымдағы жылдың 9 қазанында алғашқы сынама шыны өнімі өндірілді. Қазіргі таңда шығарылған өнімді қажетті сапаға жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Өздеріңізге белгілі, ағымдағы жылғы шілде айындағы Мемлекет басшысының төрағалығымен өткізілген Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың табысын арттыруда Қызылорда облысының көрсеткіші төмендегенін айтқан болатын. Күні кеше өткен Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамтамасыз ету шаралары туралы мәселе қаралып, осы саладағы көрсеткіштерде Қызылорда облысы республика деңгейінде ең алдыңғы қатардан көрінді. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, өңірде халықтың табысын арттыру бойынша жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек ресурстарының біліктілігін арттыру және жастардың кәсіптік бағдарлануын қамтамасыз ету үш бағыты айқындалды. Осының негізінде жыл соңына дейін 30 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. 9 айдың қорытындысымен 5 691 жұмыс орны ашылып, көрсеткіш 124,1 пайызға орындалды. Соңғы алты айдағы тынымсыз атқарылған жұмыстардың нәтижесінде және Өздеріңіздің ұсынған жобаларымызды қолдауларыңыздың арқасында оң нәтижелерге қол жеткізудеміз», - деді аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев.

Күн тәртібіне ұсынылған тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жайы, облыс әкімінің дербес құрамын келісу, терроризмге қарсы облыстық комиссияның құрамын бекіту, тексеру комиссиясының ережесін бекіту, облыстық мәслихаттың Кәсіпкерлікті дамыту, жастар ісі және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі туралы өзге де мәселелер бойынша тиісті басшыларының хабарламалары тыңдалды. Сондай-ақ, облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасын тағайындау үшін республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Нұрлан Амангелдіұлы Нұржанов хабарлама жасады. 

Тексеру комиссиясының төрағасы лауазымына Мұса Оспанұлы Қалдарбековтің кандидатурасы ұсынылып, оның кандидатурасы депутаттар тарапынан қолдау тауып, қабылданды.

Аида.jpg

Тағы да оқыңыз: