Kyzylorda-news.kz Көзінің оты бар, тығыншық денелі шымыр бала «Өмірбайдың күрең қасқасы» деп аталған осы бір атты айналшықтап, жүйріктігімен елге белгілі болған бәйге күреңнің тізгінін ұстар уақыт қашан келер екен деп, аламан бәйгеде шабуға асығып жүретін. Әкесі Өмірбай болса, бала әлі қатайсын, арыны қатты неме белі қатпаған балаға бас егелік бере қоймас, уақыты келер деп, күнделікті тіршілік күйбеңімен жүре берген. Ел болса мынау, «Артель боламыз», «Колхоз құрамыз» деп желігіп, аламан бәйге былай тұрмақ, көкпар тарту, теңге ілу, қыз қуу ойындарының да мазасы қаша бастады. Қай күні әнебір комсомол бала «Ояздан келе жатқан өкілдің мінуіне мына атыңыз лайық екен» деп күйдіргені!

Жосықсыз неме десейші! Бұл үндеместен атына мінді де Жаңабақыт жақтағы құрдасы Үргенішбайдың үйіне кетіп, сол жақтан келмей үш-төрт күн жатып алды.

Айтты-айтпады, ат баптаудың да, аламанға ат қосудың да қызығы таусылып, бұрын елде болмаған бір өзгеріс есіктен еніп, төрге оза бастағаны анық байқалды соңғы кезде. Ауыл ішінде әр жерден «белсенділер» деген топ шығып, кешегі көзің түссе төменшіктеп жерге қарайтындар бетіңе бажырайып отырып, бірдеңені «дүңк» еткізетін боп жүр. Өздері ат әбзелін түгендеп, жануарды бабына келтіріп, жайқалтып мінсе де жақсы ғой. Ері мойнына кеткен, ыңыршығы айналған аттармен екеу-үшеу болып шапқылайды да жүреді шіркіндер ауыл арасында.

Бәрі сол кәмпеске туралы әңгіменің шығуынан басталды. Асқан бай болмаса да қырық-елу қойы, онон бес түйесі, жарақты аты бар бұдан да теріс айнала бастаған ағайын аз емес. Жұрт отырықшылыққа бет бұрып, құмға мал айдау жөнінде әңгімені азайтты. Елдегі ана Жаманкөздің балалары сияқты мал саны кәмпеске заңына сәйкес келетіндердің қарбаласы тіптен бөлек. Тыныштығы кеткен мына тіршілік алдағы күзде бір сойқанның боларынан хабар беріпақ тұр.

– Ревком ісіне араласып жүрсің, сен білесің ғой, – деп жақын туысқанының баласы Ізтілеумен де сөйлесіп көрген.

– Сіздің малыңыздың саны кәмпеске туралы заңда көрсетілген межеге жақындамайды ғой. Бірақ осы күнде нақты бірдемеге сенудің өзі қиын боп барады. Жұрт аузында жүрген анау жүйрігіңізді… , – деп ол да аяғын сиырқұйымшақтандырып, сөзін ауыл ішінің өзге бір әңгімесіне бұрып жіберді.

Бала Әбекеңнің шала-шарпы есінде қалған ауыл ішіндегі осы сияқты жайлар оны ерте есеймесіне қоймап еді. Он жасқа толар-толмастан өгіз тартқан соқа тегершігін ұстады. Ырдуан арбамен шөп те тасыды. Масақ терді. Сталин колхозындағы жетіжылдық мектептің табалдырығынан аттаған 1935 жылдар кешегі кәмпеске мен ашаршылықтан кейінгі ел еңсесін көтере қоймаған бір қиын кезеңдер еді. Әкесі Өмірбай ақсақалдың да жалған дүниедегі фәнилік ғұмыры таусылып, аты шулы күрең қасқаның да қайда қалғаны ұмыт бола бастаған бұл кезде.

Соғыс жылдарының күйіп тұрған 1942 жылдың тамыз айы бұның он сегіз жасқа толып, кемеліне келген шағы еді. Аудандық әскери комиссариаттан жолданған майданға шақыру қағазы ауылдағы өзі қатарлы он екі жігітпен бірге мұның да қолына тиді.

7 кластық білімі бар, сөзі пысық, іске ширақ көрінген Әбекеңді алғашында Түркіменстанның Ашхабад қаласына жіберді. Сонда №7 полк құрамында кіші командирлер даярлайтын курсты бітіріп, арнайы даярлықтан өткен соң Красновоск портынан Каспий теңізі арқылы Дағыстанның Махачқаласына өтті. Тап осы арадан жаяу әскер құрамында Армавирге барып, жау шебіне кірді. Бұл 1943 жылдың сәуір айы еді.

Ойламаған жерден жақыннан жарылатын мина, айрауықтай ащы дауысымен құлақ түбінен тырнап өтетін снаряд жарқыншақтары, орман ағаштарын қопара-мопара тау арасын жаңғырықтырып, алысжақын жерден дүниені төңкеріп тастайтындай гүрс ете қалатын бомба бұрқылы деген сияқты майданға қатысқан барлық жанның көрешегін бұл да түгел көрді. Көріп жүріп, 1943 жылдың 15 мамыры деген күні Керч қаласының маңындағы шабуылда иығынан ауыр жарақат алды.

Көзін ашқанда көргені өзіне жан-тәнін сала өбек көрсетіп, жарасын тазалап қайта таңып жатқан Кисловодск қаласының госпиталындағы ақ халатты абзал жандар болды. Өмірі ұмытқан емес. Ұмытатын да нәрсе емес. Зұлматты уақытта басына түскен қанша қиыншылыққа қарамай, өзі көрмеген, білмейтін, Қазақстанның әлдебір түкпірінен келген жаралыға осынша жанашырлық көрсетіп, бәйек боп жүрген жарқын жүзді жандарды есінен қалай шығарсын?

Бір жарым айдан асты. Толық емделіп шықты. Жарақаты жазылғанмен жан дүниесіндегі алаңдаушылық көңілді күпті ете берді. Оған себеп болған кешегі өзімен тізе қосып, қан майданға бірге кірген, аз күн болса да бауыр басып, қатар жүрген жауынгерлердің ешқайсысының көзіне көріне қоймауы болды.

Енді біраздан соң мүлде басқа әскери құраммен, бейтаныс командирлердің қарамағында Батыс Украина жеріндегі Житомир қаласын жаудан азат етуге тәртіп алған полк жауынгері ретінде әр жерден бұрқыраған қою түтіні төбедегі бұлтпен араласқан мұнарлы қалаға емпеңдей еніп келе жатты.

Бұнда да сол. Әр ғимарат, әр үй, әр бөлме үшін жан алысып, жан беріскен арсылдаған арпалыс. Тарсылдай жөнеліп, тұншығып бітіп жатқан автомат дауысы. Ыңырсыған, ышқынған жаралылар. Оларға көмек қолын соза бере өзі де созылып түсіп жатқан жас жауынгерлер. Дегенмен осындай қиындықтармен бетпебет келе жүріп, Житомир қаласын жаудан тазарту кезінде кіші офицерлер дайындайтын 6 айлық курстан өтуі оның бойына жаңа серпін, жаңа күш беріп еді.

Біреуді біреу біліп болмаған қиян-кескі ұрыстарда талай ала шаңның ішінен аман шыққан Әбекең бұдан кейін І Украина майданында 391 полктың барлаушысы болып, Карпат тауына бет алды. Польша, Венгрия, Чехославакия жерлерін басып өтіп Одер, Эльба өзендері арқылы Дрезден қаласына да жетті. Жеңіс күндерінің жақындай түскенін жүрекпен сезінді. Жылдай көрінген ұзақ күндер мен түндерде тұла бойды кезек билеген үміт пен күдік кейінгі уақытта аздап сейілгендей болып, қуанышты сәттердің хабары молая түсті. Ұлы Жеңісті осы қалада қарсы алды.

1946 жылы әскер қатарынан елге келіп, еңбек жолын мұғалім болудан бастады. 1947 жылы Жосалыдағы Фрунзе атындағы мектепте денешынықтыру мен әскери даярлық пәнінен сабақ берсе, 1952 жылы өзі оқыған Сталин мектебінде мұғалім болды. 1953 жылы алыстағы малшы балалар үшін ашылған Ерімбеттегі «Қарақ» мектебінде қазақ, орыс тілдері пәні бойынша дәріс үйретті.

Соғыс уақытында түрлі техникалық біліммен қатар радиобайланыс саласын меңгерген, орда бұзар отыз жастағы жігіт 1955 жылы Тихонов жетекшілік еткен Қызылқұмның ауылшаруашылығына қажетті жерінің, суының жағдайы мен ауа райын зерттейтін Қызылорда транспорттық экспедициясы құрамында диспетчерлік қызмет атқарады. Кейін бұл құрылымның бірсыпыра қызметі ауданның байланыс бөліміне беріліп, Әбекең аудандық пошта байланысы торабы Қарақ агенттігінің меңгерушісі, кейінірек 1961 жылы алыстағы малшылар арасында поштальон-радист қызметтерін атқарады.

Бірнеше жылдар бойы мал жайылымын жан-жақты зерттеу нәтижесінде қол жеткізілген Қызылқұм массивін игеру жоспарының қорытындыларына сай 1958 жылы Жаңадария арнасына су жіберу, Қызылқұм қойнауынан ұңғымалар қазып, су қорларын жасау, Қуаңдария арнасынаң көміліп қалған тұстарына эксковатор бригадаларын жіберу ісі қолға алына бастаған кезде бұл аумақта болашақта мал шаруашылығы өркен жаятыны белгілі бола бастаған.

Өзінің еңбек жолын малшыларға түрлі байланыс қызметтерін көрсетуге бағыттауды көздеген Әбекең бұл кездерде шаруашылықта шопан қыстауларын салу, ескі құдықтарды пайдалану, жаңа су ұңғымаларының қай жерден қазылуы қажеттігін көрсету сияқты істерде жас мамандардан ақыл-кеңесін де аяған жоқ.

1964 жылдың басында облыста жаңадан құрылған 6 мал совхозының бірі болып Қуаңдария бой көтергенде жаңа шаруашылықтың қазығын қағып, іргетасын қалау ісіне белсене араласқан. Тап осы жылдың күзінде Әбдіраш Өмірбаев ағамыз Қуаңдария байланыс бөлімінің бастығы болып, бұл қызметті ұзақ жылдар бойы атқарды.

Ел ішінде болып тұратын жастар арасындағы майда бұзақылық пен өзара шекісіп қалу жағдайларының аяғы кейде өршіп кетіп, заң орындарына жеткен жағдайларында болмаса мал ұрлығының белең алып бара жатқан уақыттарында ауыл ақсақалдарының белсенді тобының қатарынан табылатын. Ауыл басшыларымен ақылдасып, ауылдың кәрі жасын қалдырмай клуб үйіне жинап, кінәлілерді халық алдында ұялту арқылы жөнсіздіктерді жолға қоюға ұмтылушылардың бірі еді. Әлдінің әлсізге еткен зорлығына төзбей, туғанына жақпай жататын жағдайларға қарамастан туралық жолынан табылатын.

Өз ісіне нық, өзі өсірген ұрпақтарының тәрбиесіне, біліміне көңіл бөліп отыратын, ағайын-туыстың бірлігін ойлап, кейінгілерге ақыл-кеңесін айта жүретін ағаның азаматтық келбеті бүгінгі күнге дейін оны көріп, араласқан жандардың жадынан өшірілген жоқ. Жеңгеміз Берен екеуі тәрбиелеген 5 ұл, 1 қыздан қазіргі уақытта 24 немере, 16 шөбере өрбіп, өмірден өз орнын тапқан азаматтар болып өсіп келеді.

Майдандағы ерліктері мен бейбіт өмірдегі халыққа еткен қызметі бағаланып, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков» медалімен, Украина Президенті А.Кучма қол қойған «Украина халқын фашистерден азат етудің 60 жылдығы» медалімен, басқа мерекелік медальдармен марапатталса, еңбек майданындағы ерліктері үшін «Еңбек ардагері», Қазақ КСР Байланыс министрлігі мен Байланысшылар кәсіподағы республикалық комитетінің 1973, 1976 жылдардағы қаулысымен «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгілерінің иегері атанды.

Биыл құрылғанына 60 жыл толып отырған Қуаңдария ауылындағы тәрбие орындары, мәдениет ошағы мен жастар орталықтары ауылдың ізгілік пен игілікке толы тарихының бір бөлшегі ретінде өмірде өз ізі мен өрнегін қалдырған, туғанына 100 жыл толып отырған Әбекеңнің өмір жолын ұрпаққа өнеге ету үшін еске алу шараларын өткізсе, ұрпақтар сабақтастығын өрбітудегі абыройлы істердің бірі болар еді. Сонымен қатар, ауылдағы бір көшенің аты «Өмірбаев Әбдірәш көшесі» деп қайта аталып жатса, «нұр үстіне нұр» деген сол деп ойлаймыз.

Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ

Тағы да оқыңыз: