Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында тұрғындарға 50 пәтерлік екі үй табыс етті.

Шарада аймақ басшысы пәтер иелерін мерекемен және баспаналы болуымен құттықтап, Қызылорда қаласын қарқынды құрылыс алаңына айналдырған Сыр құрылысшыларына алғысын білдірді.

“Бұл күн – Тәуелсіз еліміздің тарихындағы Тұңғыш Президентімізді айқындаған айтулы күн, халықтық мереке. Әр қазақстандықтың санасында Тәуелсіздік ұғымының бір баламасы болса, ол Елбасының биік есімімен тікелей байланысты. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – Елбасының кемеңгерлік стратегиясын, өнегелі үрдісін лайықты жалғастырып, баршаға ортақ игілік пен өрлеудің, сабақтастықтың жарқын үлгісін көрсетуде. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында толымды табыстарға қол жеткізсе, оған Сыр елі де өз үлесін қосып келеді. Соңғы жылдары аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналды. Биылғы жылы облыста барлық қаржыландыру көздерінен 1946 пәтерді құрайтын 94 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Қызылорда қаласында жыл басынан бері 580 пәтерді құрайтын 13 тұрғын үй пайдалануға берілді. Тағы бір мақтанышпен айтатын жаңалығымыз жыл аяғына дейін қаламызда 680 пәтерді құрайтын 14 арендалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қабылданады. Бүгінгі пәтер иелерін қуаныштарымен және 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа баспаналарыңыз татулық пен берекенің ордасы болып, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын”, – деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова.

Пайдалануға беріліп жатқан қос үйдің құрылысы 2019 жылдың маусым айында басталған. Құны 1 млрд. теңге болатын жобаны «Авангард» ЖШС және «Дәнекер» ЖШС мердігер мекемелер жүзеге асырды. Пәтер кезегінде тұрған тұрғындар «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспанаға қол жеткізді.

Қазіргі таңда Қызылорда қаласында 1741 пәтерлік 38 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Сырдария өзенінің сол жағалауында құрылысы жүргізіліп жатқан 725 пәтерлік 15 көпқабатты тұрғын үйдің 14-і ағымдағы жылы пайдалануға беріледі. 2021 жылы СПМК-70 тұрғын ауданы бойынша 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Пәтер кілтін алып, жайлы баспанаға қол жеткізген қаладағы №144 мектеп мұғәлімі Бибігүл Садықова аймақ басшысына алғысын білдірді. Шара соңында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішев қуаныш иелерін құттықтап, бата берді.

Тағы да оқыңыз: