Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының аудан әкімі Мұрат Ергешбаев 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай өзге ұлт өкілдерін қабылдап, сый-құрмет көрсетті. Басқосуға аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап пен орыс, неміс, грек, өзбек, татар және кәріс ұлтының өкілдері қатысты.

Жиналған қауымды алдымен аудан әкімі Мұрат Ергешбаев құттықтап, игі тілектерін жеткізді.

Басқосуда аудандық ардагерлер кеңесінің ардагері Оразғали Бекбанов пен өзбек ұлтының өкілі Муаззам Рахметова, орыс ұлтының өкілі Галина Шамина құттықтау сөз сөйледі. Мұнан соң Галина Шамина орыс әндерінен попури орындап берсе, Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығының өнерпаздары қазақ әнін әуелете шырқады.

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай мерекелік шараға қатысушылардың барлығына аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың «Құттықтау» хаты табысталып, сый-сияпат жасалды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда қасиетті Қазалы ауданында 9 түрлі ұлттың 400-ге жуық ұрпағы жергілікті тұрғындармен тату-тәтті өмір сүруде. Олардың барлығы қазақтың тілі мен салт-дәстүрлерін жетік меңгеріп, ортақ үйіміз – Қазалы ауданының дамуына лайықты үлес қосуда.

Тағы да оқыңыз: