Kyzylorda-news.kz Кеудесін өлеңнің оты кернеп, жырмен жұбатқан Халықарылық Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет иесі» медалінің иегері, ақын Тұрсынкүл Құрманбекова туған жері Ақжол ауылындағы клубта алғаш рет шығармашылық кеш өткізді.
Ол 1951 жылы 5 маусымда Ақжол ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң аудандық «Комунизм жолы» газетінің баспаханасында жұмыс істеген. 1968 жылы сол кездегі «Юбилейный», қазіргі Кеңес ауылына келін болып түседі. Отбасында ері Жақсынбек екеуі бес перзентті өмірге әкеліп, тәрбиеледі. 1996 жылдан бастап бүгінге дейін Алматы қаласында тұрады.
Бүгін ауыл сахнасында тыңдарманның жүрегін тербеген өлең өрнектері Тұрсынкүл ақынның жүрегін жарып шыққан жыр әлемінің көрінісі екені даусыз.
«Өлеңім – өмірімнің өрнегі» атты шығармашылық кешінде ауыл әкімі Бағдаулет Сердалиев, ауылдық ақсақалдар төрағасы Бақберген Бөлеков, ардагер ұстаз Серікбай Сұлтановтар сөз алып, ізгі тілектерін арнады.Шығармашылық кештің иесіне аудан әкімі Мажит Самитұлының «Құттықтау хаты» мен сый-сыяпаты табысталды.
Рухани шарада Халықаралық жазушылар одағының мүшесі, арнайы Тараз қаласынан келген қадірменді әріптестері қатарында Нақсұлу Шегебайқызымен, Халықаралық жазушылар одағының мүшесі Жібек Искакова арнау өлеңдерін оқып, ақындық жолынан айнымаған анамыздың еңбегін дәріптеді. Кентау қаласынан келген сазгер-композитор Жұпаркүл Бекшораева ақын сөзіне жазылған бірнеше әндерді орындап, кейіпкердің сан сырын аша білді.
Ағайындары атынан Әлімхан Құрманбеков, Ерғали Оразбеков, сондай-ақ, ауылдың ақ жаулықты аналары, ақынның әулет үлкендері, Жаманбай ауылдық округінің әйелдер кеңесінің төрайымы Рысжан Төлепбергеноваға ақ тілектерін жаудырды.
Ауылдың бір топ оқушылары ақын апаларының өлеңін жатқа оқы¬ды. Солардың қатарында Ергешбай Қарахат, Түгелбай Шұғыла, Әлмахан Әбдірахман, Дүйсенбек Мұхамежан көптің ықыласына бөленді.
Жергілікті өнерпаз Көкен Өскенбай «Сөзімді арқау етіп жаздым өлең» жырын термеге қосты. Бүгінгі кеште оқылған өлеңдердің көбі Тұрсынкүл Құрманбекованың жаңадан жарық көрген «Желіден ескен жылы леп» атты кітаптың парақтарында тоғыстырылған. Осы кеште туындының тұсауын кесу құрметі Халықарылық Жазушылар Одағының, Түрік Әлемі Жазушылар Одағының және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қызылорда облысының «Құрметті ардагері», Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» ақын-журналист Файзулла Пазылбекұлы және Халықаралық жазушылар одағының мүшесі Нақсұлу Шегебайқызына ұсынылды. Кеш соңында Тұрсынкүл Құрманбекованың сөзіне жазылған Сазгер Жупаркүл Бекшораеваның орындауында «Сұлуымды сағындым», «Айымсың, сен айымсың» атты әні орындалды.
Жанға шуақ, санаға сәуле құяр жырларымен шынайы болмысына тәнті еткен ақын ананың «Өлеңім серігімсің» әнін жыршы- термеші Мұхтар Дәрібаев орындағанда халықтың құрмет-қошеметі ерекше артты. Ауылдың жас ақыны Бекарыс Бексаба ақынға арнайын оқып берді.
Өлеңнің қадір-қасиетін түсінетін жандар барда Тұрсынкүл апа секілді отты жүрек ақынның орны төрде. Жас ұрпақ ақын апаның төл туындыларынан отанға деген шынайы сезімі, туған жерге деген сағыныш сырларын ұғып, отты жырларынан қуат алады. Жасын жырдың қызуын ұрпағы жанына жақын тұтса ғана өміршең болады. Сонда ғана келер ұрпақ ақынның қуатты жырынан нәр алып, рухты болып өсері кәміл.