Kyzylorda-news.kz. «Ауылдан адам көшкенімен, адамнан ауыл көшпейді» деген жақсы сөз бар. Туған жер – әр адамның түпқазығы, рухының бесігі, тамыры тереңге жайылған қазақы дәстүріміздің қаймағы бұзылмаған ордасы. Кіндік қаны тамған жерді, өскен өлкені сүю, оған құрмет таныта білу әрбір азаматқа парыз. Бірлігі бекем Жалағаштан шыққан белгілі тұлғалар да қай жерде, қандай қызметте жүрсе де, атамекен – алтын бесігін бір сәт те естен шығармай, оған мәңгілік қарыздармын деп есептейтіні сөзсіз. Өйткені, азамат бойындағы дарын, қабілет, тектілік сынды абзал қасиеттер ана сүті, әке қаны, туған жердің топырағынан дариды.
Жуырда ауданда тағылымды шара өтті. Былтырдан бері Қызылорда облыстық әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен «Төркіндеу» жобасы бастау алған болатын. Бүгінде сол жоба дәстүрлі шараға айналып, ауданымыздан уақыт талабымен түрлі қызметтік, түрлі тұрмыстық жағдаймен сыртта жүрген ару қыздарымыз «Елге сәлем» деп туған жерге ат басын бұрып келіп отыр. Бүгін туған елге сәлем беріп келген біздің апаларымыздың, ару қыздарымыздың өзіндік салған сара жолы, өзіндік тәрбие алған мектебі бар, ол – осы туған өлкесі Жалағаш жері. Иә, ақжаулықты аналар мен апаларымыз бастаған жалағаштық арулар ең алдымен аудан орталығындағы «Иманқұл» мешітіне аялдады. Мұнда тал егуден акция ұйымдастырылып, ардақты аналардың қолымен отызға жуық көшет отырғызылды.
Мешіт ауласындағы игі бастамаға себепкер болған аналар қауымы аудандағы сапарын мұнан соң «Өркен Әлем» тігін цехында жалғастырды. Республикадағы сұраныспен әскери құрал-жабдықтар мен киімдерді тігетін цехтың жұмысымен танысқан меймандар кәсіпорынның қарқынды жұмысына ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Жалпы, «Өркен Әлем» ЖШС бірнеше жылдан бері сұранысқа сай жұмыс істеп келеді. Серіктестік директоры Жақсылық Өзденбаев жылда мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери киім жабдықтарын тігеді. Серіктестіктегі алпыс қызметкер броньды кеудеше (бронежилет), арнайы киімдер (спецодежда) тігу және әскери каска дайындау бағытында жұмыс жасайды. 2019 жылы Оңтүстік Кореядан каска дайындауға қажетті құрал-жабдықтар алынып, серіктестік әскери каска өндірісін бастады. 2020 жылы карантин кезеңінде серіктестіктің жеке қаражаты есебінен 18 500 дана медициналық бетперде тігіліп, аудан халқына тегін таратылды. Ал 2021 жылдың қорытындысымен «Өркен Әлем» ЖШС 9000 дана броньды кеудеше, 500 дана арнайы киім және 15000 дана әскери каска өндіріп, ауданға 3 562 903 теңге салық түсірді. Өндіріс орнының метал құрылымынан жасалған жалпы ауданы 2000 шаршы метрді құрайтын негізгі 2 ғимаратында 4 блок жұмыс жасап тұр. Сонымен қатар цех аймағында асхана құрылысы жүруде. Қазіргі таңда өндіріс орнында 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Әскери жабдықтарды өндірумен айналысатын цехтың қызу жұмысымен танысқан меймандар мұнан ары жуырда ғана ашылып, ел игіліне берілген «Жетіқазына» балабақшасына табан тіреді.
Айта кету керек, жақында ауданда тағы бір жаңа балабақша, жаңа нысанның бой көтергенін айтып, сүйіншілеген едік. Дәуімбай елді мекені тұрғындарының қуанышын еселеген игі іске куә болған біз білімге құйылған инвестиция болашақтың игілігі жолындағы оң қадам екеніне қуанған болатынбыз. Осы тұрғыда білім саласына жанашырлық танытып, балабақша салған кәсіпкерге елдің алғысы да шексіз болды. «Жеті қазына» – ауданымыздағы көлемді балабақшалардың бірі. Мұнда 120 балаға дейін мектепке дейінгі тәрбиені беруге мүмкіндік бар. Аудан кәсіпкерлерінің білім саласына аса мән беріп, осындай игі істерді қолға алғаны келер ұрпақтың болашағына алаңдағаны деп түсінеміз. Бір жағынан жаңа нысандардың көптеп бой көтеруі кенттің көркеюіне септігін тигізеді. Жалағаштың өркендеуі жолында тың жобаларды жүзеге асырып жүрген жандардың игі бастамалары қашанда жалғасын тауып келеді.
Біздің ауданда да қаншама бүлдіршінді қанатының астына алып, мектепке дейінгі білім беретін балабақшалар көп. Енді міне, осындай бөбекжайлар қатары тағы бір жаңа нысанмен толықты. Жиылған жұрт «Жеті қазына» балабақшасының әрбір бөлмесімен танысып шықты. Содан соң бүлдіршіндер дайындаған бағдарламаны тамашалап, көңіл сергітті, балалық шаққа бір саяхат жасады. Аталған жаңа нысанның құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, осы жылдың 1 ақпанынан бастап жұмысына кіріскен еді. Жалағаш кентіндегі Келменбет батыр көшесінде орналасқан балабақшаның сыйымдылығы – 120 орындық. Бүгінде «Жеті қазына» балабақшасында 18 қызметкер жұмыс жасайды. Оның ішінде 10 педагог, 8 техқызметкер бар. Сонымен бірге 2-6 жас аралығындағы 76 бала тәрбиеленіп отыр. «Балаларға мектепке дейінгі тәрбие беруде балабақшалардың маңызы зор екені белгілі.
Мұндағы тәлімгерлердің барлығы осы бағытта аса жауапкершілікпен жұмыс істейтін болады» деген балабақша меңгерушісі Бағжан Айбекова ең бастысы дәуімбайлық ата-аналар балабақша жасындағы балаларын кенттің бергі бетіндегі бөбекжайларға тасып әуре болмайтынын айтады. Иә, елге сәлем бере келген аналар мен адақты апаларымыз ауданнан осындай жаңа нысандардың бой көтеріп, халыққа сапалы қызмет көрсетіп тұрғанына ризашылығын білдірді. Балабақша ашып, дәуімбайлық балапандарды қанатының астына алған кәсіпкерге де елдің айтар алғысын жеткізді. Әсіресе ауданда осындай заманауи типтегі жаңа нысандардың бой көтеруі, ел игілігіне жұмыс істеуі ортақ қуаныш екенін айтып, Елге сәлем берген күн Туған жерге тағзым, кіндік қаны тамған топырақты қастерлеу – қазақ халқының әлімсақтан жалғасқан салты. Ол – ұлттық санамыздағы аса қастерлі ұғым. Сол себепті туған жерге тағзым ету осы киелі мекеннен түлеп ұшқан әр азаматтың перзенттік парызы дейміз. Киелі Жалағаш жері талай текті тұлғаға қара шаңырақ, құтты мекен болды. Бүгінде ауданнан шыққан аға-әпкелеріміз республикамыздың түкпір-түкпірінде әр салада елеулі еңбек етсе, енді бірі сол еселі еңбегінің зейнетін көрер жасқа да жеткен.
Ауданнан шыққан әрбір азамат жетістікке жетіп, ел дамуына үлес қосып жатса, ол біздің де мерейіміз, ортақ абыройымыз. Жерлестеріміздің өнегелі өмір жолдары мен қажырлы еңбегін өзгеге үлгі етіп, мақтан тұтамыз. алдағы уақытта да байыпты бастамалар мен жарқын жобалардың жүзеге асқанына куә болатынына сенім білдірді. Меймандар «Төркіндеу» жобасы аясындағы сапарларын аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде жалғастырып, жалағаштықтармен жүздесіп, елеулі еңбек жолдарын тағы бір еске алды. Шара барысында туған жеріне сәлем бере келген Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, белгілі ақын Ғазиза Әбділданың сөзіне жазылған әннің алғаш тұсауы кесіліп, Жалағаш сахнасында тыңдарманға жол тартты.
Салтанатты жиынның маңыздылығына тоқталған аудан әкімі Асқарбек Есжанов «Бұл күнде қазақ әйелдерінің қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға атсалысуы таңсық емес. Өйткені еліміздің даму болашағына өзіндік үлесін қосуда нәзік жандылардың орны айрықша. «Әйел – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген тұжырым да соны білдірсе керек. Бүгін ауданымызға келіп жатқан құрметті қонақтарымызға қанша алғыс айтсақ та, артық етпейді. Осы жерден түлеп ұшып, еліміздің әр өңірінде әр салада қажырлы еңбек еткен нәзікжандыларға құрмет көрсету, елге сәлем бере келгендерінде құшақ жая қарсы алу – біздің міндетіміз» деген аудан басшысы қазақта қашаннан әйелге деген құрмет бірінші орында екенін де жасырмады.
Мұнан соң бүгінде туған жерге тағзым етіп келіп отырған жалағаштық аналарға әр салада еліміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек еткені үшін аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.
