Kyzylorda-news.kz Қазақтың қыран қанаты талатын сайын даласы жайқала өскен өсімдік атаулыға ғана емес, сол даланы емін-еркін кезетін тұяқты жануарларға да өлшеусіз бай. Табиғи жайылымдардың кеңдігімен мақтанғанымызбен, сол мекендерде жабайы жануарлардың кейбіріне қауіп басым келеді. Сондықтан оларды «Қызыл кітапқа» енгізіп, қорғауға алғанын білеміз. Солардың көшінде сиреп бара жатқан жануардың бірі – қарақұйрық.
Бұл қуысмүйізділер тұқымдас жануар сексеуіл, жыңғыл, теріскен, жүзгін өсетін шөлді аймақтарды мекендейді. Біздің Жаңақорған аумағында да бұлардың саны баршылық. Оларды бақылау, қауіптің алдын алу үшін, жалпы түз тіршілік иелеріне қамқорлық ететін арнайы мекеме бар. Ол – «ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті» «Охотзоопром ӨБ» республикалық қазыналық кәсіпорны.
Мекеменің арнайы бекітілген штат құрамы ауысым бойынша аудан аумағында қызметте жүреді. Олардың Апанғақ аймағында арнайы базасы орналасқан. Таңнан түнге дейін қоян мен өзге де жануарларды заңсыз аулағандарды, қарақұйрық пен балыққа тұзақ сала- тындарды торуылдайды. Қысқаша айтқанда, дала табиғатын баладай қорғаштап келеді. Біз арнайы мекеме инспекторы Бақытжан Исмаиловпен байланысып, бір күндік жұмыстарымен танысып көрдік.
– Біз қазір Жаңақорған аумағында арнайы бекітілген іс-шара бойынша қызметте жүрміз. Негізінен қызметіміз осы, бірақ белгілі мерзімге қатаңдатылған режим бойынша келдік. Қазір заңсыз аң аулаудың маусымы, әсіресе, құны жоғары жануарларға броконьерлер қырғидай тиеді. Қоян, қарақұйрық және таудағы арқарды бақылауға алып, күні-түні қадағалау үстіндеміз, – дейді инспектор.
Арнайы жасақ құрамында топ жетекшісі Ерлан Ұзақов бастаған инспекторлар Ержан Махан, Жеңісхан Ысқақов және Саттар Сәбеков бар. Олардың мақсаты – дала тағысына бақылау жасап, оларды аңшылардан аман алып қалу. Нақты саны белгілі болмаса да Жаңақорғанның құмды аймағында қарақұйрықтардың тобы бар. Олардың нарықтағы құны ақбөкендерден едәуір қымбат екен. Сондықтан аңшылар әуестігі басым келеді. Алайда, айыппұлы барын ұмытпауымыз керек.
– Аңшылар көбіне түнде шам жарығымен жүреді, оларды құрықтауға біз бар күш-жігерімізді саламыз. Қылмыстары әшкере болған жағдайда ҚР Қылмыстық Кодексінің 337,339 бабы бойынша кінәлі саналып, айыппұл төлейді. Сондай-ақ 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл – заң талабы. Сондықтан бұл киелі жануарға жоламауға шақырамыз. Табиғат байлығын қолдан құрдымға жібермейік дегіміз келеді, – дейді инспектор.
Дала жануарларының әрбірінің өз ерекшелігі бар. Біз сөз етіп отырған тұяқты жануардың қасиеті – суға төзімділігі. Табиғат-ана оны шөлге соншалықты шыдамды етіп жаратыпты. Шөптің ылғалы немесе жаңбырдың суын қанағат тұтатын қарақұйрықтың табиғатқа етенелігі осыдан-ақ байқалатындай. Сондықтан қарақұйрық көбіне еліміздің құрғақ далалы, шөлейтті және шөлді алқаптарында таралған. Ол сексеуіл, жыңғыл, тораңғыл өскен бұйратты жал құмдардың арасында да кездеседі.
Кейде шағын тау бөктерінде теңіз деңгейінен 2500-3000 метр биіктікте жүреді. Қыс және күз мезгілдерінде қар аз түсетін жерлерге қоныс аударады. Топырағы құмды жұмсақ жерді тұяғымен тарпып қазып, уақытша жатақ жасап, жасырынып жатады. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, қарақұйрықтың 70- тен астам шөптесін және бұталармен қоректенетіндігі анықталған. Ол орташа есеппен тәулігіне 6-7 келі қоректі пайдаланады. Ащы, тұщы және қақ суларын іше береді. Суатқа кешкілік қараңғылық түскенде және таңертеңгілік мезгілде келеді. Көбіне таңертеңгілік салқында және кешке қарай жайылады. Есту және көру мүшелері жақсы дамыған өте сақ жануар. Олардың қазақ даласындағы санының азаюына түрлі себеп барын білеміз. Сарапшылар оған алдымен броконьерлердің кесірі тиеді деп отыр.
Сондай-ақ мал жайылымдарының кеңейіп, жер игеру мен инфрақұрылымның артуы қарақұйрықтардың табиғи ортасын тарылтып отыр деуге негіз бар. Қарақұйрықты қорғап, санын көбейту үшін жергілікті тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстары кеңінен жүргізілуі керек. Өйткені, қарақұйрық еліміздің сымбатты аңдарының бірі болып саналады. Оны қорғаудың эстетикалық мәні де зор екенін ешуақытта естен шығармауға тиіспіз. Ен даланың еркесіне айналған бұл тіршілік иесін келешек ұрпаққа аманат ету әрбір азаматтың парызы болуы керек, ол үшін аңшылардың жолын кесу керекпіз дейді жауапты тұлғалар.

Әли ТЕМІРБЕК
Фото: gov.kz
