Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы ЗК-169/1 мекемесінен тағы бір жазасын өтеуші, бостандыққа шықты. Ол терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздырғаны үшін бас бостандығынан айырылған.
«Мекемеге келгеннен бастап онымен мекеменің жедел бөлімі, арнайы контигент арасында әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы бөлімінің теолог, психолог мамандары және радикалды діни ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыруға бағытталған ресми түрде тіркелген діни бірлестік өкілдерімен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, бұрынғы діни ұстанымының дұрыс еместігіне көзі жетіп, дәстүрлі исламға бейімделіп, мекеме жұмысына белсене араласты», – дейді түзеу мекемесінің мамандары.
Тағайындалған жазасының үштен бір бөлігін өтеген жазасын өтеуші, Қызылорда қалалық №2 сотына ҚР ҚК-нің 73-бабына сәйкес, жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыруға өтініш хат берген болатын. Сотталған азаматтың өтініш хаты сотпен қаралап, қанағаттандырылды.
«Жастықпен аңдамай жаза бастым. Жасаған қылмысыма өкінемін. Қазіргі таңда көп уақытын әлеуметтік желіде өткізетін замандастарымды теріс ағымдағы әртүрлі діни сайттардың тұзағына түсіп қалудан сақ болуға шақырамын», – дейді бостандыққа шыққан қызылордалық тұрғын.