Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысына Түркістан облысының Сарыағаш ауданында 5 жасар қыздың өлтірілгені жөніндегі қайғылы оқиға туралы мәлімет берілді.
Құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Күдікті анықталды. Күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін 10 жылға сотталған. Биыл оған адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жөнінде үкім шығарылған.
Президент Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды. Мемлекет басшысы биыл шығарылған сот үкімінің заңдылығын қарастыру және адамға қатысты аса қауіпті қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту маңызды деп санайды.
