Kyzylorda-news.kz. Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында орналасқан «Керуен сарай» туристік кешенінде әлемде теңдесі жоқ ұшатын театр ашылады.

Қаладағы құрылыс алаңдарын аралаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев демалыс орталығының ашылуға дайындық барысымен танысты, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Жоба авторларының айтуынша, қиял-ғажайып орталық Самұрық құстың жұмыртқасы халық аңызына негізделген. Бәйтеректің бұтағындағы ұясына келіп, киелі Самұрық құс күн бейнелі алтын жұмыртқа салады. Дәл осы алтын түсті алып жұмыртқа келбетіндегі ерекше театрда бәйтерегіміз сияқты сиқырлы ертегілер еліне, қазақ халқының тарихына жаңа технологиялардың көмегімен, 8 D форматта әсерлі саяхат жасауға болады. Еліміздің өткені, бүгінгісі мен келешегінің көрінісі осы театр-музейде көрсетіледі. Шығыс үлгісінде салынған кешен киелі шаһарға келетін меймандардың сүйікті демалыс орнына айналары сөзсіз», – делінген хабарламада.

Түркістан қаласының әкімшілік іскерлік орталығы (АДЦ) аумағында әкімшілік ғимараттар мен көпқабатты 24 үйдің қасбеттерін бір үлгіде жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Қаладағы ғимараттардың айналасы көгалдандырылып, жарықтандырылуда. Қаланың басты көшелерінде түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Ясауи кесенесінің алдында ерекше жарықшамдар орнатылды. Минскіден арнайы алдырылған ағаш кейпіндегі бақша жарықшамдары түнде айналаны сан алуан түске бөлесе, күндіз салқын су шашып, аптап ыстықтан қорғайтын болады.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осы қарқынды жұмыстардың барысын бақылап, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. «Дендросаябақ» пен «Аттракциондар паркі» арасында жаңа көпір салу жоспарлануда. Сонымен қатар «Жібек жолы» саябағы, Б.Саттарханов бойындағы «Желілік саябағы» әсемделіп, қонақ үйлер жарықтандырылады. Облыс басшысы Б.Саттарханов даңғылындағы тұрғын үйлердің, кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбеттерін және «Рәміздер алаңы» мен «Түркі бағын» ретке келтіру жұмыстарымен танысты. Бұл жұмыстар кәсіпкерлер мен тұрғындардың күштерімен жүргізіліп жатыр. 

Хабар 24

Тағы да оқыңыз: