Kyzylorda-news.kz.  Түркиядағы күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Қазақстан өз азаматтарына бұл елге саяхат жасаудан бас тартуға кеңес береді. Алайда шекараның ашық болуы демалысты түрік елінде өткізуге мүмкіндік беріп отыр. Түркияға сапар шегуге бекінген қазақстандықтар нені білуі тиіс?

Түркияға бару үшін ПТР-тест қажет пе?

Түркияға бет алған қазақстандықтар, жалпы барлық басқа ел азаматтары коронавирус жұқтырмағанын растайтын ПТР-тест тапсыруға міндетті.

Инфекция жұқтырмағанын растайтын анықтаманы ұшып шығатын елдегі әуежайда көрсету қажет. Құжат анализ тапсырғаннан кейін 72 сағат бойы жарамды. Егер жолаушы әуежайға анықтамасыз әуежайға келсе, онда оған ұшаққа отыруға тыйым салынады. Бұл талап транзиттік жолаушылар мен алты жасқа дейінгі балаларға қатысты емес.

Түркияға арналған онлайн-форма: қалай тапсырады

2021 жылдың 15 наурызынан бастап Түркия билігі ұшуға дейін 72 сағат бұрын туристердің арнайы онлайн-форманы толтыруын талап етіп отыр. Бұл коронавируспен ауырған немесе коронавирус жұқтырған адамдармен байланыста болған туристер туралы толық ақпаратты білу үшін қажет.

Арнайы үлгіде мына мәліметтерді көрсету қажет: аты-жөні, жынысы, жолға шығу мақсаты, төлқұжат нөмірі, тұрғылықты мекенжайы, ұлты, келу күні және байланыс нөмірлері.

Қағазға басып шығарылған дайын үлгіні немесе оның электронды нұсқасын шекарада көрсету керек. Анкета жоқ болса немесе қате ақпарат көрсетілсе, турист айыппұл төлеуі мүмкін. Ал транзиттік жолаушылар анкета толтырмайды.

Қазақстаннан Түркияға баратын рейстер

Қазақстанның азаматтық авиация комитеті 21 сәуірде Түркиядағы эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты бұл елге ұшатын рейстер саны қысқарғанын хабарлады.

Қазіргі уақытта Қазақстаннан Түркияға мына рейстермен жетуге болады:

  • Алматы – Стамбул;
  • Нұр-Сұлтан – Стамбул;
  • Алматы – Анталья;
  • Түркістан – Стамбул;
  • Шымкент – Стамбул.

Әуе тасымалын қазақстандық Air Astana, Fly Arystan, Scat әуе компаниялары мен түрік тасымалдаушылары жүзеге асырады.

Түркияда не болып жатыр

Қазір Түркияда қатаң карантин енгізілген. 7 мамырдан бастап дүкендерде азық-түлік, гигиена құралдары мен үй жануарларына арналған азықты сатуға ғана рұқсат етілді. Электроника, ойыншықтар, канцелярия, киім-кешек, автомобильге қажетті керек-жарақтар, ыдыс-аяқ, бау-бақша жабдықтарын сатуға тыйым салынған.

Айта кету керек, мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айында 13 сәуірден 12 мамырға дейін ел аумағындағы барлық дәмхана мен мейрамхана тек жеткізіп беру режимімен жұмыс істейді.

Егер Түркия билігі толық локдаун режимін ұзарту туралы жаңа шешім шығармаса, елде 29 сәуір сағат 19:00-ден 17 мамыр сағат 05:00-ге дейін бұл режим сақталады. Бұл кезеңде ІІМ тарапынан жекелей келісілгендерден басқа барлық кеңсе жабық болады. Қалааралық жолаушылар тасымалын орындау үшін міндетті түрде рұқсат алу керек. Ал қоғамдық көлік тек 50 проценттік жүктемемен жұмыс істейді.

COVID-19 жұқтырғандар саны қанша?

Түркияда осы жылдың сәуірінен бастап коронавируспен байланысты жағдай күрт ушығып кетті. Орта есеппен елде күн сайын 60 мыңға жуық адам вирус жұқтырып отыр. Бүгінгі күні тәулігіне 22-25 мың адамнан коронавирус анықталуда. Жалпы пандемия басталғалы Түркияда 4,9 миллион адам індетке шалдықты, 42 мың адам осы кеселден көз жұмды.

Sputnik Қазақстан

Тағы да оқыңыз: