Kyzylorda-news.kz    Кітапхана – рухани қазынаның орталығы. Құндылыққа құмар жандардың құтты мекені. Жыл өткен сайын кітапхана өз оқырмандарымен байланысты түрлі іс-шаралар арқылы нығайтып келеді. Кітапханадағы биылғы жаңашылдық – түнгі режимде жұмыс істеуі.

 Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашуды армандайтынын айтқан еді.

– Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу. Мен мұндай кітапхананы Анкарада көрдім. Оның оқырмандары әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармаларды, арнаулы әдебиетті оқи алады. Мұндай кітапхананы елімізде де салуға болады деп ойлаймын, – деді Президент.

3-маусымнан бастап аудандық орталық кітапхана түнде де жұмыс істейді. Кітапханашылар алдында тұрған үлкен міндет – қоғам назарын кітапқа, кітапхана ісіне аудару. Ол үшін жаңа идеялар мен креативті жобаларды жүзеге асыру қажет. Осы мақсатта кітапхана оқырмандарға қызмет көрсету режимін түнгі сағат 24:00-ге дейін ұзартты.

– Қазір кітапхана оқырманға кітап ұсынып, оны қайта қабылдап алатын орын ғана емес. Заман талабына сай кітапхана қызметі де түрленіп келеді. Бізде кітап оқуды насихаттау мақсатында жылына көптеген іс-шара ұйымдастырылады. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда кітап және кітапханалар мәселесін қайта көтеріп, кітапханаларға заман талабына сай жаңғырту, жастарды кітап оқуға баулу, кітап оқу мәдениетін барынша орнықтыру, тәулік бойына жұмыс жасайтын кітапханалар ашу туралы атап өтті. Осы мәселені қолдауда аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес аудандық кітапхана ұжымдық шарт негізінде сағат 9:00 – 00:00 жұмыс жасау уақытына көшірілді. Түнгі уақытта алғашқы күннен бастап Жастар ресурстық орталығы, Жыраулар үйі оқырмандарына кітапханашылар қызмет көрсетіп, COWORKING орталығында дойбы ойнап, интернет желісін пайдаланды. Бұл  күндіз уақыттары болмай, келе алмай жүрген оқырмандарға тиімді деп ойлаймын. Түнгі кітапхананың есігі әрдайым сіздерге айқара ашық, – дейді Қармақшы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Күлшара Қаниева.

 Бұл ретте, түнгі кітапхана бастамасы жұмыстан қолы босамай, кітап оқуға уақыт жеткізе алмай жүргендер үшін тиімді болмақ. Жастардың кешкі уақытын тиімді өткізуге де септігін тигізеді. Себебі өңірде білімге құштар, кітапқұмар жастардың барына куәміз.

Енді кент тұрғындары жұмыстан кейін кітапханаға келіп, кітап, газет-журнал оқуына мүмкіндік бар. Бұрын «жұмыстамын», «кітапханаға баруға уақыт жоқ» дейтін болсаңыз, енді ол сылтауыңыз қабылданбайды. Сағат тілі кешкі жетіден түнгі он екіні соққанша сіздің асықпай отырып, қалаған кітапты оқып, мерзімді басылымдарды ақтарып, күнделікті жаңалықтармен танысып шығуыңызға уақыт молынан жетеді. Кешкі уақытыңызды кітапханада өткізіп, құндылыққа қадам басыңыз.

Тағы да оқыңыз: