Фото: myownconference.com

Kyzylorda-news.kz«Сіз өмірден шаршадыңыз ба? Егер өміріңізде ешқандай қызық қалмаса, махаббатта жолыңыз болмаса, қарызға батып, ақша тапшылығынан құтыла алмай жүрсеңіз, маған бұрылып, мені тыңдаңыз. Ол үшін құны 500 мың теңге тұратын менің сабағыма қатысып, әрекет ет. Мен сені күтемін». Міне, ғаламторды ашып қалсаңыз осы сынды «Қалай байып кетуге болады?», «Қалай тұрмысқа шығуға болады?», «Қалай қарыздан құтылуға болады?», «Қалай жетістікке жетуге болады?» деген сансыз бейнероликтер мен әсерлі жазбалардан көз сүрінеді. Бұндай тренингтердің халыққа пайдасы бар ма? Қазіргі уақытта көпшілікті не мазалайды? Осы сұрақтар төңірегінде ізденіп көрдік...

Құдды, болашақты білетін бақсы-балгерлер секілді. Кейде, көше бойында отырып, «жолыңды ашып беремін, жоғыңды тауып беремін» дейтін балгерлер елестейді маған. Әрине, барлығына бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Тренерлердің ішінде білімді де білікті мамандар баршылық. Ол қарапайым халыққа қажет-ақ. Тек, арзан жолмен пайда тапқысы келетін, кейбір пысықайлардың әрекетін айтқым келеді. Жақсылықтың болғаны дұрыс қой. Тек екі күннің бірінде семинар мен тренингтер өткізетін коуч-тренерлер мен психологтардың таңды-таңға жалғап айтатын ақылынан құлағымыз сарсылды. Осы мақаланы жазу барысында әлеуметтік желіні ақтарып, мықты деген тренерлердің сабағына көз жүгіртуді жөн көрдім.

Бәлкім, менің де өмірім өзгеріп, аяқ астынан байып кетермін. Шынымды айтсам, біршамасының парақшасына кіріп, сабақтарын тыңдадым. Айналып келгенде барлығының айтары біреу – тренингке қатыссаңыз адам танымастай өзгеріп, мол қаржыға кеңелесіз дегенге саяды. Ресейдің статистикалық деректеріне сүйенсек, мұндай семинарларға қалталы кәсіпкерлер емес, жұмыссыздар мен студенттер ғана қатысады екен. Яғни өмірден өз орнын іздеп жүрген азаматтар жалынды сөзге еріп, қалтасыңдағы соңғы тиынын санап беретіні сөзсіз.

Міне, «аңқау елге арамза молда» деген осы болар...
Жақында американдық Брайан Трейси есімді қария Алматыда семинар өткізді. Жұрттың барлығы жапатармағай билет сатып алып, соңында орын таппай, тұрып тұрды. Билет құны қанша деп ойлайсыз? Білмесеңіз, айтайық. Арзан билет – 100 мың теңге болса, қымбат билеттер – 1 миллион 400 мың теңгеден сатылды. Меніңше, ол семинардан адам байымайды, семинар өткізген адамның байлығына байлық қосылды. Дегенмен осыншама ақша төлеп қатысқан сабақтың маңыздылығы қаншалықты деген сұрақ маған маза бермеді. Содан әлеуметтік желіні ақтарып, YouTube парақшалырынан көрдім. Атағы жер жарып, жарнамасы менмұндалап тұрғанымен асып бара жатқан ештеңесі де жоқ. Тек, бизнеске қатысты афоризмдер мен сөз шешендігін ғана байқадым. Ал, нақты жүйелі жұмыс жүргізудің жолдарын немесе белгілі бір технологияны айтпайды. Кәдімгі жұрттың барлығы айтып жүрген «білім алыңыз», «ерінбеңіз, алдыңызға мақсат қойыңыз» дегендей сөздермен ғана шектеледі. Ақиқатын айтқанда, мұндай сөздер жауыр болды.
Брайан Трейси, оны өзіміз де білеміз. Бізге ақыл емес, адал еңбекпен ақша табу керек. Одан бөлек қаншамасы келіп-кетіп жатыр. Сірә саусақпен санамалап шыға алмаспыз. Мұндай өмірді өзгертіп, бизнеспен айналысуға шақыратын тренерлер алғаш АҚШ елінде бастау алған екен. Үлкен-үлкен компания басшылары бизнес жүргізудің қыр-сырын жалпақ жұртқа таныстырып, өз құпияларымен бөлісе бастаған. Содан ел арасында бизнес-тренерлердің абыройы артып, көпшіліктің сұранысына ие бола бастаған. Кейіннен әлем елдеріне кеңінен тарап, жылдан-жылға тренингке қатысушылар саны күрт өскен. Өздеріңіз де білесіздер, 1990 жылдары жер жүзі алмағайып кезеңді басынан өткеріп, ел арасында жұмыссыздар саны артқан уақытта ТМД елінде Дейл Карнегидің кітаптары жаппай сатылып, үлкен сұранысқа ие бола бастаған. Себебі, ол маркетинг саласын жақсы меңгерген, көпшілікті өзіне қарата алатын сөзге шешен жан болған. Алайда оны «манипуляция шебері» деп атап кетіпті.

Жә, өзге елдерде неміз бар. Өз еліміздегі жағдайға тоқталайықшы. Мұндай тренингтер мен тренерлердің бізге келгеніне көп бола қойған жоқ. Небәрі, 3-4 жылда ел арасында «мотивация», «визуализация», «гив», «тренинг» деген сөздерді жиі естіп қалатын болдық. Сайып келгенде, шешендік сыры атышулы тренерлердің барлығы да атақты ғұламалардың кітабынан оқыған – түйгендерін жанды бейнеде, қарапайым халыққа түсінікті әрі қызықты етіп жеткізе білуінде. Қарап отырып еріксіз күлкің келеді. Тұрмысқа шықпаған қыз «Қалай күйеуге шығудың жолдарын үйретемін» десе, баласы жоқ әйел «Балалы болудың техникасын меңгертемін», күйеуімен ажырасып кеткен келіншек «Бақытты болғыңыз келсе мен сізді күтемін» тәрізді «ертегілермен» ерінбей сабақ өткізіп отыр.

Қазір елімізде тренинг өткізетін 200-ге жуық орталық бар екен. Бұл тіркелгені ғана, ал тіркелмегені қаншама. Ғаламтор желісінде еліміздегі барлық тренинг орталықтарын жинақтап отырған бір сайт бар. Бұл жерде тренинг орталықтар мен тренерлердің кестесі орналасқан. Таңдау еркіңіз — өзіңізде. Бұл сайтқа тіркелмегені қаншама? Оған шетелден келіп, тренинг өткізетіндерді қосуға болады. Ақылы болғанына қарамастан, сондай тренингтерге баратындар да күн сайын көбейіп отыр. Әрине, мұндай білікті мамандардың жиындарына бір-екі рет барып, ақылына ақыл қосып, тәжірибесіне тәжірибе қосып жататындар некен саяқ. Бір анығы, тренинг кәдімгідей өзекті мәселеге айналып үлгерді. Неліктен?

Статистикаға сүйенсек, адам ақпараттың 70 пайызын ойын түрінде еркін қабылдайтындығы анықталған. Ал көру арқылы 25 пайыз, кітап оқу арқылы 10 пайыз, есту арқылы 5-ақ пайыз қабылдайды екен. Осы дерекке сүйенсек, оқытудың бір әдісі – тренингтерде берілетін ақпарат жеңіл қабылданатынға ұқсайды. Себебі мұнда дәріскер тек дәріс оқып қана қоймайды, сабақтың бір бөлігі жаттығу, ойын, тапсырмалар орындау түрінде өтеді.

Осы орайда біз психолог Айда Айнақожаевамен әңгімелескен едік.

– Өте өзекті тақырыпты қозғап отыр екенсіздер. Психолог ретінде, менің де жаныма батып жүр.Материалдық және әлеуметтік қиындықтардан ба, әлде басқа жағдай ма, қазір адамның күйзеліске ұшырауы жиілеп кетті. Әсіресе қыз-келіншектер арасында өте көп. Қай-қайсысымен сөйлессең де іші толған ашу, ыза. Содан келіп желіде әдемі сөйлеген тренингтер­ге алданып жатады. Бірақ нақты психологтың көмегіне жүгінетіндер саусақпен санарлық. Меніңше, тренингтердің бағыттары да сан алуан. Ең өтімдісі психологиялық кеңес, табыс табуға, бизнес бастауға бағытталған. Осындай қаптаған түрлі тренингтерге барған адамдардың ақпаратты қабылдауы мінезіне, темпераментіне де байланысты болып келеді. Бірі жеңіл қабылдаса, енді бірі тереңінен қабылдап, сол тренер сызып берген жолмен жүруге тырысады. Ал, оған оның өмірі мен отбасы сай келе ма онымен шаруасы жоқ. Содан көп отбасылар арасында түсініспеушілік туындап, ұрыс-керіс орын алады.

Психологтың пікіріне сүйенсек, адам ең әуелі ішкі жан дүниесіне үңіліп, өзіндегі ішкі мәселелерді шешіп алғанда, психолог пен тренингті саналы түрде таңдап, қабылдай алады. «Мұндай ішкі жан дүниесі қалыпты адам тренингтерден алған әсерін ұзақ мерзімге жадында сақтайды. Дұрыс тренингке барған адамдарда бір серпіліс пайда болады, шабыттанады, сол әсермен біраз шаруалар тындыруы да мүмкін. Алайда тренингке дейін кездескен кедергілерге қайта кездескенде, «өткендегі тренингтің түк пайдасы жоқ» деп ойлайды. Әркімнің ақпарат қабылдауы әртүрлі, сондықтан да біреулер бір тренингтен кейін-ақ өміріне өзгерістер енгізіп жатады. Ал кейбіреулер бірнеше тренингке барса да, еш нәтиже бермеуі мүмкін. Сәнге айналған тренингтердің жетегінде жүргендердің біразы жауапкершілікті өзіне алуға дайын емес жандар», – дейді психолог маман.

Осы тұста тәуелсіз заңгер Дәулет Тұрабаевтың ойын білген едік.

– Бұл тақырып өте күрделі мәселе ғой. Мысалы, тігінді үйрету үшін тренинг жасап үйренгісі келген адамдарға тігінді үйрете алады. Ал, кондитерлік өнімдерді пісіруге арналған тренингтердің көпшілікке пайдасы бар. Үйренгісі келген қыз-келіншектерге торт пісіруді үйрете алады. Ал, енді тіркеліп және тіркелмей үйретіп жатқандар бар. Оған арнайы заң қарастырылмаған. Сіздің көтеріп отырған тақырыбыңызды тереңінен түсініп отырмын. Әлі “Сен екінші болма, бірінші бол!”, “Сенің қолыңнан бәрі келеді” дегендей тренингке қатысқан әйелдер отбасында екінші емес, бірінші болуға тырысып, ерінің алдына шығып кетеді. Соның салдарынан қаншама отбасының ойраны шығып, ерлі-зайыптылар екіге айырылып жатыр. Статистикаға көз жүгіртсек, дүние жүзінде ажырасудан 2 орынға шығып кеттік. Яғни, ажырасу 50 пайыздан асып кетті. Инстаграмдағы бәзбіреулердің өміріне қызығып, соларға еліктеп, еріне мойынсұнуды шетке ысырып қойып жатыр. Ол инстаграмдағы шынайы өмір емес екенін түсінбейді.
Сонымен қатар арамызда интернеттен оңай ақша табудың жолын іздейтін адамдар көбейді. Бірақ оңай ақша болмайтынын ескеру керек. Курс заңға сәйкес па, жоқ па, соны зерттеу керек. Ешқандай лицензиясы жоқ курстардан аулақ болыңыздар. Ал егер, курс ақшасын алып, бірақ ешқандай сабақ өтпесе, құзырлы органдарға шағымдану керек, – дейді заңгер.

Иа, салтымызға ғаламтор енбеген уақытта ұлға әкесі, қызға анасы, келінге енесі, әулетке ақсақал ақылын айтып, кереғар жағдайлар туындаса, жөнге салып отыратын. Ал, бүгінде осы заманауи блогерлер мен коуч-тренерлер айналысуда. Ал өмірін ертегідей жақсартқысы келетін жандар олардың әңгімелеріне үйіріле кетіп, айтқанын бұлжытпай орындап, еңбекпен тапқан ақшасын еріккендерге беріп жүр. Бұрын көп нәрсенің жауабын абыздар айтатын болса, қазір жетістікке жетіп жүргендер арасында өз өмірінен өнеге өретіндер көп.

Осындай коуч-тренерлердің көшін танымал әлеу­меттік желіде Құралай ханым, Айнұр Тұрсынбаева, Мақпал Қаратай сынды коуч-тренерлердің сабақтарына мыңдаған адамдар қатысып, видио сабақтары жүз мыңдаған қаралым жинап жүр.
Өз заманының ойшылы Әл-Фараби айтпақшы, «Дүниедегі ең оңай нәрсе – біреуге ақыл айту, ең қиын нәрсе – өзіңді-өзің түсіну». Сондықтан да он екі мүшеңіз сау, ақыл-есіңіз бүтін, сауатыңыз жетеді. Солай емес пе? Олай болса, өзіңізге қажетті деген кітап беттерін ақтарып ой түю, алға жоспар жұру қабілеті сізде де бар. Ақы төлеп өзгені тыңдамай, өз түйсігіңізді тыңдасаңыз, барлық сұраққа жауап табарыңыз сөзсіз.

 


Әсел РЗАЕВА

Тағы да оқыңыз: