Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы медиаторлар кеңесінің төрағасы Ләззат Бақтыбаева және облыстық ҚХА жанындағы медиаторлар кеңесінің үйлестірушісі Шахизат Абдраманова Town hall форматында студенттермен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжінің студенттеріне Медиацияны меңгеру тәсілдері, дау-дамайды медиация жолымен шешу, медиатор болудың артықшылықтары айтылды.
Ләззат Бақтыбаева кездесудің маңыздылығын атап, студенттерді белсенділік танытып, өзекті мәселелерді бірлесіп талқылауға шақырды.
«Медиацияның тиімділігі ең бастысы моральдық және материалдық шығындарды азайтады. 2015 жылы медиацияға жүгіну 1 пайызды ғана құрайтын. Қазіргі таңда қылмыстық істер бойынша 85 пайыздық межеге жетсе, азаматтық істер бойынша 50 пайызды құрап отыр. Медиатордың басты мақсаты - дауласқан екі жақты татуластыру. Медиация процесінде жеңімпаз және жеңілген тарап деген болмайды. Себебі медиацияның мақсаты екі тарапты да қанағаттандыратын шешім табу. Жалпы медиациялық жолмен дауларды шешу көп уақыт алмайды және тараптардың шығындарын үнемдеуге үлкен мүмкіндік береді», - дей келе, студенттерге қоғамға медиацияның қажеттілігі, соның ішінде оңтайлы тұстары жайлы толықтай мағлұмат беріп кетті.
Кездесуде студенттер сұрақтарын қойып, жан жақты жауап ала алды.
«Мұндай кездесулер біз үшін өте маңызды. Town hall дау-дамай мәселелерін шешу жолдарын меңгеруге және жедел шешімдер қабылдауға тамаша мүмкіндік. Сіздер елімізді дамытуда үлкен рөл атқарасыздар. Сондықтан білімдеріңізді жетілдіріп, қосымша дағдыларға ие болғыларыңыз келсе, біз сіздерге әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз. Бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие маман болғандарыңызды қалаймыз», - деген пікір білдірді Шахизат Абдраманова.


