Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев талантты жастарды қолдау мақсатында “Тәуелсіздік ұрпақтары” атты грант тағайындауды ұсынды. Бұл туралы президент “Егемен Қазақстан” газетінде жарияланған “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында айтты.

Президент жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші екенін атап өтті. Сондықтан ол өскелең ұрпақтың әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалану қажет деп санайды.

“Осы орайда президент жанындағы жастар кеңесінің қызметін жандандырған жөн. Оны білікті әрі білімді жастарды жұмылдыратын жүйелі жұмыс алаңына айналдырамыз. Бұдан бөлек, мен азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында “Тәуелсіздік ұрпақтары” атты грант тағайындауды ұсынамын”, – деді Тоқаев.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы қазақстандық жастардың шетелге кетуіне қатысты да пікір білдірді.

“Ел ішінде жастар шетелге кетіп жатыр деген алаңдаушылық бар. Мен жастарымыз білімін жетілдіріп, бәрібір елге оралады немесе шетелде жүріп-ақ Қазақстанның мүддесін қорғайды деп сенемін”, – деді ол.

Осы орайда президент кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да бозбала шағында Украинаға аттанып, еңбек, білім және әкімшілік дағдыларына ие болғанын еске салды. Өзі де білім қуып Мәскеуге сапар шеккенін, өзге мемлекеттерде жұмыс істегенін айтты.

“Біздің талай замандастарымыз бүгінгі жастар сияқты алыс шетелдерге бара алмаса да, Кеңес Одағының түрлі қалаларында білім алды. Бірақ, басым көпшілігі тамырынан ажырап, ол жақта біржола қалып қойған жоқ. Елге келіп, еңбек етті. Сондықтан жырақта жүрген жастарымыздан айырылып қаламыз деп уайымдаудың жөні жоқ. Біздің міндетіміз – олардың бойына мемлекетшілдік рухын сіңіріп, қай жерде жүрсе де туған елдің игілігіне қызмет етуге жұмылдыру”, – деді мемлекет басшысы.

Тоқаевтың айтуынша, әлемнің ең дамыған елдерінде өз кәсібін бастаған және алпауыт компанияларда жұмыс істеп жүрген қандастардың осындағы замандастарымен байланысын нығайтып, тәлімгерлік етуіне жағдай жасау керек.

Sputnik.kz.

Тағы да оқыңыз: