Kyzylorda-news.kz Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ақбалаұлы Ергешбаевты еске алуға арналған тоғызқұмалақтан халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Тағылымы мол шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Еренғалиұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағасы Бауыржан Сәндібаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірбек Шәменов, Қазақстанның Еңбек Ерлері Абзал Ералиев пен Имамзада Шағыртаев, облыстық мәслихат депутаты Жорабек Нұрымбетов, «Тоғызқұмалақ спорты федерациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің вице-президенті, ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Айнұр Жақапбаева, Қожа Ахмет Яссауи университетінің «Халықаралық Түркі зияткерлік ойындар» орталығының басшысы, халықаралық дәрежедегі төреші Қашымхан Дәуренқұлов, Қызылорда облыстық тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығының президенті Әбдіқадыр Ергешбаев қатысты.

Салтанатты жиында  сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Еренғалиұлы Нәлқожа Ақбалаұлының өнегелі ғұмыр жолы мен аймақ дамуына сіңірген елеулі еңбегіне тоқталды.

— Аймағымыздың өркендеуіне бар күш-жігерін арнап, ел игілігі жолында аянбай қызмет еткен азаматтардың есімін ұлықтау – баршамызға ортақ парыз. Нәлқожа Ақбалаұлы – саналы ғұмырын халық игілігіне арнаған, жастардың білімді де бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына айрықша көңіл бөлген бірегей тұлға. Оның бастамасымен өңірімізде бірқатар спорт нысандары мен мәдениет ошақтары бой көтерді. Бүгінгі дәстүрлі халықаралық турнир – сол еңбектің жарқын жалғасы деп білемін. Бүгінгі додада нағыз мықты спортшылар топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенемін, — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары. 

Сондай-ақ жиын барысында зиялы қауым өкілдері мен құрметті қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға жеңіс тіледі.  

Айта кетейік, дәстүрге айналған халықаралық турнир биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр. Байрақты бәсекеге Қырғызстан, Әзірбайжан, Түрікменстан, Ауғанстан мемлекеттерінен және еліміздің барлық өңірінен келген 450-ге жуық спортшы өзара сайысады.

7-ші наурызға дейін жалғасатын жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдар және дипломдармен марапатталады.

Тоғызқұмалақ республикалық турнир 2.jpg

Тағы да оқыңыз: